Қытайда қамалған туыстарына іздеу салып, консулдық алдында наразылық өткізгендердің бірі талып қалды

0
20

Қытайда қамалған немесе жоғалған туыстарын іздеп, Алматыдағы консулдық алдында бір топ адамның наразылық өткізіп жүргеніне 23 күн болды.

Консулдық алдындағы акцияға 2 наурызда алғаш рет қосылған Гүлпям Қазыбектің жүрегі қысып, есінен танып қалды. Сәлден соң оқиға орнына жедел жәрдем көлігі келіп, оны ауруханаға алып кетпек болды. Бірақ әйел есін жинаған соң пикетті жалғастыра берді.

Гүлпям Қазыбектің сөзіне қарағанда, 70 жастағы анасын Қытай билігі 2017 жылы желтоқсанда ұстап, «намаз оқыды және қоғам тыныштығын бұзды» деп айыптап, ұстап әкеткен. Артынша 15 жылға соттаған. Ол «анасының қан қысымы жоғары екенін және жүрегі ауыратынын қанша айтса да, түрме дәрігерлері диагноздарды жоққа шығарған».

2018 жылы Қазақстанға келіп, 2019 жылы азаматтық алған Гүлпям анасы қамалғалы бері оны әйелдер түрмесінен бір рет қана көргенін айтады.

— Түрменің адамдары үлкен аппараттан көрсетеді. Қолына көйіс (кісен – ред.), аяғына көйіс салып алып шығады. Шашын кесіп тастаған. Қолында кісен. Аяғында кісен. 70-ке келді ғой. Ол қашып кете ала ма? Қолындағы кісенменен, аяғындағы кісенді сүйретіп шыққанда жүрегім қатты ауырады. Екі жағында екі сақшы, — дейді Гүлпям.

Ақпан айының басынан бері жалғасып келе жатқан консулдық алдындағы наразылыққа жаңадан қосылғандар саны бірте-бірте көбейіп барады. Солардың бірі Нұржауар Мұхаммедханқызы «жалғыз ағасының намаз оқығаны үшін қамалғанын» шағымданды.

— Елуге келгенде намаз үйреніп жүрген. «Бір жыл намаз оқыды» деп 12 жылға соттап жіберіпті. Сотталды деген қағаз жоқ. Ешқандай айғақ жоқ. Алып кеткен. Міне, үш жылдан асты. Көрсетпейді. Түрмеде неше түрлі қорлық-сұмдықты көрсетеді екен. Не көріп жатқанын ойлап, бәріміз жынды болайық дедік. Неге көрсетпейді? Бостандыққа шығарсын! — деді ол.

Наразылықты әдеттегідей полиция мен әкімдік өкілдері бақылады. Бұған дейін полиция консулдық алдындағы акцияға қатысқандардың екеуін 10-12 күнге қамаған. Қытай консулдығынан наразыларға әлі ешкім шықпады. «Індет кезінде акцияның заңсыз екенін» сәт сайын ескерткен колонкідегі қатты дауыс акцияға келгендердің дауысын естіртпей, пікірлерін айтуға кедергі жасап тұр.

Қытайдың Шыңжаң аймағында қалған туыстарын іздеген қазақстандықтар бірнеше жылдан бері Қазақстанда жиын өткізіп, пикеттерге шығып, Қытайда қалған туыстарына араша сұрап келеді. Олар Қазақстан сыртқы істер министрлігінен «Қытайда қамалғандар – Пекиннің ішкі ісі, оған араласа алмаймыз» деген жауап алған. Ал Қытай консулдығы жауап бермеген.

Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы «саяси қайта тәрбиелеу» лагерьлеріне қамалғанын айтса, кейбірі «негізсіз айыптармен» ұзақ жылға сотталғанын, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан.

25 ақпанда Нұр-Сұлтан мен Пекиннің Қытайда қамалған қазақтардың мәселесін онлайн режимде талқылағаны хабарланды. Алматыдағы консулдық алдында пикет өткізіп жүргендер «бұл мәселе екі жақ арасында қаншама рет талқыланды, нәтиже жоқ, туыстарымыз түрмеден шықпайынша акцияны тоқтатпаймыз» деді.