Қытайда өмірлік түрме жазасына кесілген Тұрлыбайдың үкімі өзгеріссіз қалды

0

Қытайда «есірткі контрабандасымен айналысты» деп айыпталған Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайға бастапқыда шыққан сот үкімі өзгеріссіз қалды деп хабарлады Қазақстанның сыртқы істер министрлігі. Бұл ақпаратты оның адвокаты Сұңқар Нұрмұхамедов те растады.

Министрлік дерегінше, сот отырысы 27 желтоқсанда Гуанчжоу сотында өткен. Оған адвокаттармен қатар Қазақстанның Қытайдағы консулы да қатысқан. Сот үкімі он күннен кейін күшіне енеді.

Қорғау тарабы сот үкіміне шағым түсіріп, Тұрлыбайды Қазақстан жағына қайтаруға күш салатынын айтты.

Ақжарқын Тұрлыбайды Қытай полициясы 2014 жылы наурызда тұтқындаған. 2015 жылы маусым айында Қытай соты Тұрлыбайды өмірлік түрме жазасына кескен. 2016 жылы сәуір айында апелляциялық сот үкімнің күшін жойып, істі қайта қарау үшін бірінші инстанцияға қайтарған. Бұған дейін Тұрлыбайдың өзіне тағылған айыпты мойындамайтыны хабарланған еді.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Қазақстанның бас прокуратурасы Тұрлыбай жазасын Қазақстанда өтеуі үшін Қытай билігіне өтініш жіберуге уәде берген.

Azattyq