Қытайда өмір бойына сотталған Ақжарқын Тұрлыбай елге оралғаны рас па?
Бас прокуратура Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстанға оралды деген ақпаратқа қатысты түсінік берді, — деп хабарлайды Kznews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстанға экстрадицияланғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бас прокуратура бұл ақпаратты растамады.
«ҚХР-да сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың өтініші негізінде Қытай тарапына оны Қазақстанға ауыстыру туралы сұрау салынды. Қытай Халық Республикасы Әділет министрлігінің жауабына сәйкес, Ақжарқын Тұрлыбайды жазасын одан әрі өтеу үшін Қазақстан Республикасына экстрадициялаудан бас тартты, себебі ол өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Қазіргі уақытта жазаны одан әрі өтеу үшін Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға беру бойынша жұмыс жалғасып жатыр», — деп хабарлады Бас прокуратураның халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметі.
Айта кетейік, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Алматыдан Қытайға барған болатын. Оның сөзінше, таныс адамдары Гуанчжоудан Малайзияға бренд киімдерді жеткізіп, ақша табуды ұсынған. Қазақстандық студент Гуанчжоудан ұшар алдында ұсталды. Оның сөмкесінен есірткі табылған болатын.