Қытайда Ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл басталды

0

Қытай тұрғындары сенбіге қараған түні Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл — «Чуньцзе» мерекесін қарсы алды. 

Қаңтар айының соңында ҚХР Сауда министрлігі 2024 жылды «Тұтынуды ынталандыру жылы» деп жариялады. «Көктем мерекесі» қарсаңында елдің бірқатар қалаларында, соның ішінде Бейжіңде Ай күнтізбесі бойынша жаңа жылға арналған көрмелер мен жәрмеңкелер өтті.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, 10 ақпанда басталған көктем мерекесі кезінде елде тұтыну серпілісі болады деп күтілуде. Биыл Қытай үкіметі пандемиядан кейінгі қалпына келтіруден тұтынудың тұрақты өсіміне көшіп, ішкі сұранысты арттыруға назар аударады.

Сонымен қатар, туризмнің серпіні және аймақаралық жолаушылар ағынының айтарлықтай артуы байқалады.

Китай
Фото: Руслан Сулейменов

ҚХР Көлік министрлігінің болжамынша, Жаңа жыл мерекесіне орай халықтың маусымдық көші-қоны кезінде қытайлықтар 9 млрд-қа жуық саяхат жасайды. «Чуньюнь»-нің бірінші күнінде ғана 190 млн-ға жуық жолаушы рейсі жасалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық.

Мереке күндері қытайлық туристер шетелге туристік сапарларға шығады. Осылайша, «Чуньцзе» кезеңінде Қытайдан Сингапур, Малайзия және Таиландқа сапарлауға тапсырыс саны өткен жылмен салыстырғанда 15 есе өсті.

Биыл Қытайда жаңажылдық мерекелер ақпанның 10-ынан 17-іне дейін жалғасады.

Китай
Фото: Руслан Сулейменов

Дәстүрге сәйкес, ай күнтізбесі бойынша Жаңа жылды тойлауға дайындық бір апта бұрын «кіші Жаңа жыл» («сяонянь») деп аталатын мерекеден басталады. Әрине, қазіргі уақытта Қытай азаматтары бұл тәртіпті ұстанбайды. Алайда, «Чуньцзе» мерекесіне дейін әдетте үйді тазалап, өтіп жатқан жылдың сәтсіздігімен байланысты барлық «ескі заттардан» құтылу әдетке айналған. Үлкендер мен балалар терезеге ілінетін қызыл қағаздан өрнектер қиып, үйдің кіреберістерін шамдармен безендіреді, жаңа жылдық тілектер жазылған жұптық жазулар жазып, оларды үйдің есіктеріне іледі.

Қытайлықтар көктем мерекесін әдетте отбасыларымен бірге тойлайды. Үйден жырақта жұмыс істейтін немесе оқитындар шағын атамекеніне ата-анасымен, жақын туыстарымен қауышу үшін келеді.

Мерекелік апта ішінде Қытай астанасының тұрғындары мен қонақтары саябақтарға және басқа да ашық туристік орындарға тегін кіруге, сондай-ақ Бейжіңнің қала маңындағы аудандарына шоссе жолдармен тегін жүруге мүмкіндік алады.

Китай
Фото: Руслан Сулейменов

Дәстүр бойынша, Жаңа жыл басталғаннан кейінгі алғашқы үш күнде шаш жууға немесе кесуге, үй жинауға болмайды, өйткені бұл «байлық жоғалтуды» білдіреді.

2024 жылғы «Айдаһардың» қамқорлығымен өтетін Көктем мерекесі 10 ақпанда басталды.

Қытайда Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жылды тойлау екі аптаға созылып, 24 ақпанда Шамдар фестивалімен («Юаньсяоцзе») аяқталады.