Қытайда 762 адам тұратын көпқабатты үй өртке оранып, он бес адам қаза тапты (видео)

0

Қытайдың шығысындағы Цзянсу провинциясының Нанкин қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдегі өрттен 15 адам қаза тауып, 44-і жараланды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі guancha.cn басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мэр Чэнь Чжичанның айтуынша, зардап шеккендерді тасымалдау үшін 32 жедел жәрдем жұмылдырылған. Ауруханаға жатқызылған адамдарды емдеу бағдарламасын әзірлеу үшін күйік, тыныс алу жолдары аурулары және психология салаларындағы мамандардан тұратын сарапшылар тобы құрылған.

«Оқиға салдарынан 15 адам қаза тапты, 44 адам ауруханаға жеткізілді. Олардың біреуінің жағдайы ауыр, 42 адам жеңіл жарақат алды», — деді мэр.

Өртті сөндіруге және іздестіру-құтқару жұмыстарына 25 бірлік техника мен 130 адам жұмылдырылды.

Белгілі болғандай, зардап шеккендердің көпшілігі ауруханаға қою улы түтіннен тыныс алу жолдарының зақымдануымен жатқызылған. Науқастардың жағдайы тұрақты.

Өрт кезінде ғимаратта 762 адам болған, оның 516-ын билік қонақүйлерге орналастырып, азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек және гигиеналық құралдармен қамтамасыз еткен. Кейбір тұрғындар достары мен туыстарына барған.

Алдын ала болжам бойынша, өрт әуелі велосипедтер мен электр мопедтеріне арналған жер үсті тұрағында шығып, кейін тұрғын үйдің кіреберісіне өткен.

Айта кетейік, бұған дейін Испанияның Валенсия қаласындағы көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, төрт адам қаза тапқаны туралы жазған едік.