Қытай жұмысшылардың Атырауға келген сәті видеоға түсіп қалды: Індет әкеліп жатыр

0

Әлеуметтік желілерде Қытай азаматтары тобының Қарабатандағы зауытқа келген сәті түсірілген видео таратылып жатыр. Видеоға Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Игілік Әубәкіров түсініктеме берді.

Облыстың бас еңбек инспекторының айтуынша,  22 қазанда CNCEC компаниясының (China National Chemical Enginnering Co) қытайлық 124 маманы Нұр-Сұлтаннан чартерлік рейспен Атырауға интеграцияланған газ-химия кешенінің І кезеңі жобасында жұмыс істеу үшін келген.

Сол күні кешке келген қытайлық жұмысшылар CNCEC вахталық қалашығына қоныстанған. Дәл осы сәтті қазақстандық қызметкерлер видеоға түсіріп алған, кадрда жағымсыз пікірлер айтқан.

«Бұл факт бойынша CNCEC филиалы мен «KPI» ЖШС-нің күзет қызметкерлері (жобаның тапсырыс берушісі) видеоны түсірген адамдармен түсіндірме әңгіме жүргізді, оның барысында видеоның ешқандай арам ойсыз түсірілгені мәлім болды», — дейді Игілік Әубәкіров.

Еңбек инспекциясы басқармасы қытайлықтар Қазақстанға іскерлік (жұмыс) визасы бойынша келгенін және шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу бойынша санатқа жатпайтынын атап өтті.

Айта кетейік, интеграцияланған газ-химия кешенінің I кезеңі Қытай Даму Банкінің ақшасына салынып жатқан Қарабатандағы полипропилен өндіретін зауыт деп аталады, ал CNCEC компаниясы — жобаның мердігері.