Жаннұр Ниязбекова: Қытайда профессорлар 2 млн алады, ал Қазақстанда 250 мың теңге ғана

0

Жуырда ғана Қытайда үздік студент атанған Жаннұр Ниязбекова екі елдің ғалымдары және олардың еңбегінің бағалануы туралы сөз қозғады. Бұл туралы ол Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты.

«Ғалымның еңбегі бағаланады. Еңбек деген ақшалай түрде бағаланады. Бұл жақта ғылымға көп ақша бөлінеді. Ғылым бірінші орында тұрады. Әсіресе ауыл шаруашылығына ақша көп бөлінеді. Университет қабырғасында жүріп-ақ, магистр, Phd болып-ақ гранттарды ұтып алуға мүмкіндіктері бар.

Бұл жақта мұғалімдерге деген сыйластық өте жоғары. Әсіресе, университеттің мұғалімдеріне. Олардың айлықтары теңгемен алғанда 1,5-2 млн болады. Өте мықты, бірінші дәрежелі профессорлардың айлықтары айына 1,5-2 млн теңгедей. Бізде Қазақстанда профессорлар 250 мың алады ғой. Өзімнің ассистент ретіндегі айлығым ол кезде 70 мың теңге болған. Қазақстанда мен ассистент болғанымда 70 мың теңге алдым. 68 мың 70 мыңға жақын.

Ғалымға көбірек ақша бөлінсе деген ұсыныс бар. Өйткені олар азаннан кешке дейін оқиды, ізденеді. Ешқандай проект, идея аспаннан келмейді. Ол еңбектену мен оқудың арқасында келетін нәрсе. Біз тек адамның қазіргі бет пердесін ғана көреміз. «Ой, анау қыз деген миллион теңге ұтып алыпты» деген әңгіме болып жатыр. Бірақ оның артында мен қанша жыл еңбектендім, жүгірдім, түнімен отырып қытайша үйренгенім – ол кезде менің қасымда ешкім болған жоқ қой. Ол кезде туған-туыс бауырларым ғана болды. Ол еңбекті көрмейді де, адамдар ақша мен мәртебе аспаннан түскендей көреді», — деп ренішін айтты бойжеткен.