Қытай сыртқы істер министрлігі Біләштің ұсталғанына қатысты пікір білдірді
Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Лу Канг 11 наурызда Reuters ақпарат агенттігіне Серікжан Біләштің қамалғанына қатысты пікір білдірді.
Лу Канг «Біләш 2018 жылы Қазақстанға заңсыз кіргенін» айтты.
«Біздің анықтағанымыз бойынша, оның Қытайда да қарызы болған. Мұндай адамдар теріс пиғылдағы түрлі мәселе ойлап тауып, шу шығарады. Мұндай істер түсіндіруді қажет етпейді» деген Лу Канг.
Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Біләш нақты қандай істер бойынша шу шығарғанын айтпады.
Серікжан Біләш Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туған. Кейін тарихи отаны Қазақстанға оралып, осы елдің азаматтығын алған. Ол Алматыда «Атажұрт еріктілері» ұйымын құрып, Шыңжаңда қамалған қазақтар мәселесін көтеріп жүрген.
10 наурызда полиция Біләшті Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде ұстап, Астанаға алып кеткен. Ол «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген күдікке ілінген. 11 наурызда Астана тергеу соты белсендіні изолятордан босатып, екі ай үйқамаққа алған. 12 наурызда Астана прокуратурасы Біләштің ұсталуына белсендінің «азаматтарды «жиһадқа» — этникалық қытайларға қарсы соғысқа шақыруы» себеп болғанын хабарлады.