Қытай Қазақстанды басынан бақайшағына дейін зерттеп отыр
Сенатордың айтуынша,бүгінде Қытайда Қазақстанды, Орталық Азия елдерін қоса алғанда 22 институт пен орталық зерттейді
АСТАНА, 27 желтоқсан – Sputnik. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы елімізде Қытайды зерттейтін арнайы институт құруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сенаторлар Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қабылдады. Депутат Мұрат Бақтиярұлы аталған заң жобасын қолдай отырып, үкіметтің назарын бірнеше мәселеге аударды.
Оның айтуынша, соңғы уақытта Қытай халқының әлемде мықты екенін сезіну рухы күн өткен сайын күш алып, өз мемлекетін Жер әлемнің кіндігі санайтын түсінігі кең таралған.
«Сондықтан болар біздің қоғамда, ақпарат құралдарында Қытайдан үрейлену, сақтану сияқты тенденция жиі көрініс беруде. Мұның басты себебі – елімізде осыған терең сараптамалық негізде талдау жасап, халыққа түсіндіріп беретін Қытайды арнайы түрде зерттейтін бірде-бір ғылыми институттың болмауы», — деді Бақтиярұлы.
Сенатордың ақпаратына сүйенсек, Қытайда Қазақстанды, Орталық Азия елдерін қоса алғанда зерттейтін 22 институт пен орталық бар.
Назарбаев: Қытай саудадағы ірі серіктесіміз
«Онда жүздеген маман Қазақстанды басынан бақайшағына дейін зерттеп отыр. Сондықтан стратегиялық әріптесіміз Қытайдың саяси-экономикалық және ішкі әлеуметтік жағдайын, болашақ беталысын, Қытайдың Қазақстанға ұстанған сыртқы саясатын, екі ел арасындағы қауіпсіздік саласының өзекті мәселелерін, сауда-экономикалық байланыстарын, кәсіпкерлік, индустрия саласындағы ынтымақтастығымызды зерттейтін арнайы Қытайды зерттеу институтын құрудың қажеттілігі пісіп жетілді. Оған елімізде қытайтанушы, Қытай тілі жазуын терең меңгерген білікті мамандар жеткілікті», — деп санайды депутат.
Сондай-ақ, Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, Қытайда 15 мың қазақстандық студенттің 90 проценттен астамы шет елдерге қытай тілін оқыту мамандығы бойынша білім алып жатыр. Қалғандары – халықаралық сауда мен экономика мамандықтарында. Ал технология мамандықтарында оқып жатқандардың саны 3 процентке де жетпейді.
«Жаңа технология мамандықтарын оқып жатқан студенттер жоқтың қасы. Сол себепті, бірінші кезекте, Қытай тілін меңгерумен қатар, жаңа технология мамандарын даярлауға басымдық беру қажет», — деген ұсыныс айтты сенатор.
Бұған қоса, Мұрат Бақтиярұлы Қытай инвесторларының ақшасына салынатын жаңа өндірістер Қытайдың экологиялық проблемаларын Қазақстанға алып келуі мүмкін екеніне алаңдады.
«Өйткені Қытайдың мұнай-химия саласындағы компаниялары халықтың денсаулығынан гөрі, экономикалық пайдасын жоғары қояды. Олар көптеген химиялық өндіріс орнын Бейжіңге жақын провинциялардан Шыңжаң сияқты шеткері аймақтарға көшіріп жатыр», — дейді депутат.
Сенатор шетелдік инвесторлардың Қазақстан экономикасындағы стратегиялық салаларды меншіктеп кету қаупі еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне, мемлекет мүддесіне қауіп төндірмей ме деген сауал тастады.
«Қаржылық және технологиялық жағынан индустриялық дамыған мемлекеттерге тәуелді болып қалмаймыз ба? Қытай инвесторларына берілген жеңілдіктер халықтың жұмыспен көбірек қамтылуына, орта бизнестің дамуына, Қазақстанда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстардың кеңінен жүргізілуіне, жергілікті жерден білікті мамандарды даярлауға, келешек салынатын мұнай-химия зауыттарды ең соңғы үлгідегі барлық талаптарға сай келетін технологиямен жабдықтауға, шығарылған өнімдерді экспорттауға толық жауап бере ме деген сияқты маңызды мәселелерге назар аударып, БАҚ арқылы халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек деп ойлаймын», — деді ол.
Осы орайда Мұрат Бақтиярұлы Африка мемлекетінің бір басшысының қанатты сөзін келтірді.
Қазақстан Қытайдан алған қарызын өтеді
«Еуропалықтар бізге келген кезде, олардың қолында Библия, ал біздің қолымызда алтын болды. Арада ұзақ жылдар өткеннен кейін, біздің барлық алтынымыз олардың қолында кетті. Ал біздің қолымызда Библия ғана қалды». Мұны біз үнемі есте ұстауымыз керек», — деп қорытты сөзін сенат депутаты.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/