Қытай Қазақстанда түрлі-түсті революция ұйымдастыру әрекетіне қарсы – Си Цзиньпин

0

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанда қаңтар айының басында болған тәртіпсіздіктерге қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды kznews.kz сайты Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

«Біз бәріміз сыртқы күштердің өңірде түрлі-түсті революция ұйымдастыруына, адам құқығын желеу етіп елдің ішкі ісіне араласуына, халқымыздың тыныш өмірін бұзуына үзілді-кесілді қарсымыз», — деп мәлімдеді Си Цзиньпин «Орталық Азия – ҚХР» онлайн саммитінде.

Ол Қазақстандағы тәртіпсіздіктер көптеген адамның өлімі мен материалдық шығынға әкеп соққанын еске салды.

«Қазақстанның көршісі әрі досы бола отырып, Қытай Қазақстанның озбырлықты тоқтату және ахуалды тұрақтандыру бағытындағы күш-жігерін табанды түрде қолдайды. Қытай Қазақстанға қажетті қолдау мен көмек көрсетуге дайын. Президент Тоқаевтың мықты басшылығының арқасында Қазақстан халқының болашағы жарқын болатынына сенімдімін», — деді Цзиньпин.

Сондай-ақ ҚХР басшысы Қазақстанға «көрші әрі дос» мемлекет ретінде қарайтынын атап өтті.

«Қытай ізгі ниеттілік, шынайылық, өзара пайда және толеранттылық концепциясын ұстанады. Орталық Азия мемлекеттерімен жоғары деңгейдегі байланысын одан әрі кеңейтеді, стратегиялық үйлестіруді жандандырады. Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлері кездесуінің рөлі мен диалогтың басқа да тетіктерін жұмылдыру, ынтымақтастығымыз мен өзара сенімді нығайту, бірлескен даму мен гүлдену жолында өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету маңызды деп санаймын», — деді ол.