Қытай Орталық Азияда үстемдік орнатуға ұмтылып жатыр

0
520

Раффаэлло Пантуччи мен Александрос Петерсеннің «Синостан» кітабы жарық көрді, деп хабарлайды kznews.kz сайты azattyq порталына сілтеме жасап.

Онда авторлар Қытайдың Орталық Азияға ықпалын зерттеген.

Қашғардағы Памир тауында әскери жаттығуда жүрген Қытай сарбаздары. Шыңжаң өлкесі, 4 қаңтар 2021 жыл.Жуырда Қытайдың Орталық Азияға ықпалы жайлы жазылған «Синостан» кітабы жарық көрді. Бұл еңбек он жылға созылған зерттеудің нәтижесі.

2008 жылы Раффаэлло Пантуччи мен Александрос Петерсен Пекиннің Орталық Азияға ықпалын зерттеу үшін сол жаққа барған. Ол кезде Қытайдың ықпалы бүгінгідей айқын білінбейтін.

2001 жылы Пекин Ресей мен Орталық Азиядағы Түркіменстаннан басқа елдер кіретін Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрды. Қытайдың аймаққа ықпалы осыдан басталды.

Кейінгі жылдары Қытай Еуразияға бетбұрысын кеңейтті. Экономикалық қуатының арқасында Пекин Орталық Азияның ең ірі сауда серіктесіне айналды. Қытай осы аймақтың біршама жерінде мұнай-газ құбырларын салды.

2013 жылы Қытай президенті Си Цзиньпин Қазақстан астанасында «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жариялады. Миллиардтаған долларға бағаланған инфрақұрылым жобасы Си Цзиньпин үкіметінің сыртқы саясатының негізгі бөлігіне айналды.

Бұл Ұлыбритания мен АҚШ сарапшылары үшін Орталық Азиядағы көп жылға созылған зерттеулердің ақталатынына тағы бір дәлел болды. Әлем елдерінде сарапшылар докторлық еңбек жазып, әртүрлі сараптама орталықтарында зерттеу жүргізіп жатқанда бұл екі автор кейін кітапқа айналатын жобамен айналысты. Бұл еңбек Пекиннің Орталық Азияда қалай империя құрып жатқанын түсіндіреді.

Екі автор аймақтың экономикалық және саяси тұрғыда Қытайға тәуелді болып жатқанын әрі мұны Пекин орталықтандырып, нақты жоспармен жүзеге асырып жатқанын түсінді.

Қытай СССР-дің ыдырағанын қалай пайдаланды?

«Осы аймаққа қарап, мұнда Қытайдың ең маңызды ойыншы екенін көре алатынбыз. Осыдан империя идеясы пайда болды, – деді Пантуччи Азаттыққа. – Бірақ Пекинде стратегиялық көзқарасы бар ешкімнің болмағаны да анық байқалды».

2014 жылы жобаның жаңа тынысы ашылып, кітап аяқталуға жақын қалғанда авторлардың бірі қаза тапты. Сол жылы Кабул мейрамханаларының бірінде тәліптер ұйымдастырған жарылыстан жиырма адам мерт болған. Солардың арасында Ауғанстандағы Америка университетінде жаңа қызметке тағайындалған Петерсен де бар еді.

Осы оқиғадан кейін кітап жұмысы тоқтап қалды. Кейін Пантуччи үйленіп, бала сүйіп, жұмыс ауыстырған және басқа зерттеулермен айналысқан. Ал пандемия кезінде қаза тапқан досының құрметіне кітапты қайта қолға алып, аяқтаған.

«Кітапты аяқтағаным керемет болды. Бұл менің оған және өмірімнің бір бөлігін алған тақырыпқа деген құрметім. Өмірімнің бір тарауын аяқтап жатқан сыңайлымын» деді Пантуччи.