Қытай коронавирус туралы мақаладан кейін WSJ тілшілерін аккредитациядан айырды

0

Америкалық Wall Street Journal (WSJ) басылымында коронавирус туралы мақала жарық көргеннен кейін Қытай билігі басылымның үш тілшісін аккредитациядан айырды. Тілшілер енді бес күн ішінде Қытай аумағынан шығуы тиіс.

Мақала басылымда 3 ақпанда жарияланған. Онда Қытай билігінің эпидемияның шынайы таралу ауқымын жасырып отырғаны жазылған. Журналистердің мақалаға қатысы жоқ. Мақала авторы — профессор Уолтер Рассел Мид.

Қытайдың сыртқы істер министрлігінің айтуынша, мақала коронавируспен күресіп отырған Қытайдың әрекетіне сенімсіздік туғызады. Министрлік мақаланың тақырыбын нәсілшілдік деп атап, өсек-аяң сипатына негізделіп қойылған деді. Пекин WSJ басылымынан «кінәлілерді» жазалап, кешірім сұрауды талап етті. Алайда басылым бұдан бас тартты.

Сарапшылардың пікірінше, бір мақалаға бола бірнеше тілшіні елден шығару тіпті Қытаймен байланысты оқиғалардың өзінде өте сирек кездеседі және бұл Вашингтон мен Пекин арасындағы қарым-қатынастың онан сайын ушыққанынан хабар береді.

Бұған дейін АҚШ Қытайдың бес ірі мемлекеттік ақпарат құралдары: «Синьхуа» агенттігі, China Global Television Network телеарнасы, China Daily басылымы, «Қытайдың халықаралық радиосы» және Hai Tian Development USA компаниясының «Жэньминь жибао» басылымын «шетел агенті» деп жариялаған. Вашингтонның айтуынша, бұл шешім ақпарат құралдарының жұмысына әсер етпейді, бірақ бұдан былай олар жаңа қызметкері мен мүлкі жайлы деректерді беріп отыруы тиіс. Пекин бұған «жауап беретінін» айтқан.

Azattyq