Қытай БҰҰ сарапшыларын Шыңжаңға апару шартын атады

0

Қытай билігі БҰҰ өкілдері «тиісті процедураларды» орындаса оларды Шыңжаңға кіргізуге дайын екенін мәлімдеді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Лу Кан 7 қаңтарда Пекинде өткен баспасөз мәслихатында БҰҰ сарапшылары Қытайға сапарлайтындарға қойылатын талаптарды орындауы тиіс екенін және «елдің ішкі ісіне килікпей», «бейтараптылық пен шынайылық принциптерін ұстануы шарт» екенін жеткізді.

Желтоқсанда БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комиссары Мишель Бачелет ұйым сарапшылары Шыңжаңдағы саны аз ұлттардың, оның ішінде қазақтар, ұйғырлар, татарлар мен қырғыздардың жағдайы туралы «алаңдататын хабарлардың» жиілегеніне байланысты аймаққа баруды ойластырып жатқанын мәлімдеген. Тамызда БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комиссиясы сенімді мәліметтерге сілтеме жасап, Шыңжаңдағы «қайта оқыту лагерьлерінде» миллионнан астам аз ұлттар өкілдерінің күшпен ұсталып отырған болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Қытай бұл ақпаратты жоққа шығарып, Шыңжаңда құрылған орталықтарды «кәсіби қайта даярлау орындары» деп атаған.

Белсенділердің, зерттеушілер мен түрлі әрқилы елдер үкіметтерінің алаңдауы күшейгендіктен Пекин соңғы уақытта Шыңжаңдағы саясатын қорғау кампаниясын белсенді жүргізе бастады.

Қытай соңғы аптада 12 елдің, оның ішінде Қазақстанның дипломаттары мен журналистерін үш «кәсіби білім беру орталығына» апарған. Шетелдік журналистерге сұхбат берген орталық тәрбиеленушілерінің барлығы бұл жерге «өз еріктерімен келгенін айтқан. Олар орталықта ән айтып, би билеп, қытай тілін үйренетіндерін және «экстремизм көріністерімен» танысатындарын айтқан.

Оқи отырыңыз: «Өз еркімен келген» тәрбиеленушілер және лагерьдегі «өмір»

Қытай билігінің мәлімдеуінше, «орталықтарда» жүргізіліп жатқан «радикалданудан айықтыру» бағдарламасы өте тиімді және келешекте ол жердегі адам саны азаяды.

Құқық қорғау ұйымдары мен куәгерлер «лагерьлерде» адамдарды күшпен ұстайтынын және оларға қатігездік танытатынын мәлімдейді.

Дереккөз: Азаттық