Қытай билігі Шыңжаңда «13 мың террористі тұтқындаған»

0

Қытай билігі 2014 жылдан бері Шыңжаң өлкесінде 13 мың «террористі» ұстаған. Бұл туралы 18 наурызда Қытай билігіне сілтеме жасаған Reuters ақпарат агенттігі хабарлады.

Пекин таратқан ресми мәлімдемеде «2014 жылдан бері полиция 1588 террористік топты жойды, 12995 террорист тұтқындалды, 2052 жарылғыш зат табылды. 4858 заңсыз діни шаралар ұйымдастырылғаны анықталып, 30645 адам жазалады. 345 мың заңсыз діни материалдар тәркіленді» деп жазылған.

Қытай билігінің мәлімдеуінше, «террорлық топтардың лидерлері мен экстремистік топтарға ерген бірнеше адам ғана қатаң жазаланып, қайта тәрбиелеуден өткен».

Пекиннің дерегінше, Шыңжаңда 1990 жылдан бері болған 30 «террорлық шабуылдардан» 458 адам мерт болып, 2540 адам жараланған.

Ал Бүкіләлемдік ұйғырлар конгресінің өкілі Дильшат Ришат Reuters агенттігіне Пекиннің бұл мәлімдемесімен келіспейтінін айтқан. Оның пайымдауынша, «ресми Пекин шындықты бұрмалаған».

«[Қытай билігі] терроризммен күрес деген желеумен ұйғырларды қудалап отыр. Қайта тәрбиелеу шараларының түпкі мақсаты — діни наным-сенімді жойып, халықты қытайландыру» дейді Дильшат Ришат.

2017 жылдың көктемінен бастап Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы «саяси тәрбиелеу орталықтарында» миллионға жуық адам «еркінен тыс» қамауда отырғанын мәлімдеген.

Пекин лагерьлерді «экстремизмге қарсы шара» деп мәлімдеді және «қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын» айтқан. Ал құқық қорғаушылар және лагерьде болған азаматтар бұл орталықтардың білім беру мекемесінен гөрі түрмеге ұқсайтынын, онда азап пен қысым барын мәлімдеген.

Қытайда туыстары қамалған азаматтар Алматыда бірнеше рет жиын өткізіп, Қытайдағы жақындарының жаппай қамалып жатқанын айтқан. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған. Астана Қытаймен келісім-шарттардың арқасында қамауда отырған ондаған қазақ бостандыққа шыққанын хабарлаған.

2018 жылы желтоқсан айының соңында Пекин бірнеше елдің елшілерін Шыңжаңға апарып, “саяси тәрбиелеу орталықтарын” көрсеткен. Лагерьге барғандардың арасында Қазақстан елшілігінің қызметкері де болған. Ол Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталығында «жағдайдың жақсы» екенін айтқан.

Ақпанның 10-ы күні Түркия Қытайдан Шыңжаңдағы лагерьлерді жабуды талап етіп, онда «миллиондаған адам қысым көріп жатыр» деген. Қытай Түркияның бұл мәлімдемесін «жалған айыптау» деп атады.

БҰҰ Қытай билігінен Шыңжаңға кіргізуді сұраған. Бірақ Пекин БҰҰ ресми өкілдерін елге шақырмай отыр.

12 наурызда Пекинде өткен ұлттық халықтық конгресс жиынында Шыңжаң өлкесі халықтық үкіметінің жетекшісі Шохрат Закир халықаралық қауымдастықта сынға ұшыраған даулы лагерьлердің «бірте-бірте жойылуы мүмкін» екенін айтқан.

Азаттық