Қытай билігі коронавирусты жұқтырғандар саны күрт артқанын хабарлады

0

Қытайда коронавирусты жұқтырғандар саны алдыңғы күнмен салыстырғанда 10 есеге көбейіп, соңғы дерек бойынша 15 мыңға жуық адамнан вирус табылған. Бұл ақпаратты Қытай билігі хабарлады. Соңғы тәулікте вирустан 242 адам көз жұмған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сәрсенбі күні коронавирустың таралуы бәсеңдеді деп мәлімдеген еді. 10-11 ақпанда Қытай билігі екі мың жаңа оқиға тіркелгенін хабарлаған.

Қытайдың денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық комиссиясы ауруды анықтау методикасы өзгергендіктен вирусты жұқтырғандар саны күрт көбейді деді. Дәрігерлер ендігәрі компьютерлік томография деректеріне сүйене отырып, ауруды ертерек анықтаймыз деп отыр.

Қазіргі кезде Қытайдың өзінде вирусты жұқтырғандар саны 60 мыңға жетті, үш мыңнан астам адам көз жұмды. Шамамен алты мыңы аурудан айықты.

12 ақпанда Лондонда бірінші коронавирусты жұқтыру оқиғасы тіркелді. BBC ақпарат агенттігінің жазуынша, науқас бірнеше күн бұрын Қытайдан келген. Жалпы Ұлыбританияда осымен тоғыз оқиға тіркелді.

Вирустың таралу ауқымы кеңейіп барады. Әлемнің 50 мемлекетінде коронавирус табылған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус эпидемияның аяқталатыны жайлы болжам жасау әлі қиын дейді. ДДСҰ ғалымдары қазіргі кезде төрт түрлі екпемен жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Коронавирустың жаппай таралуына байланысты бірқатар халықаралық шаралар кейінге қалды. Халықаралық көлік федерациясы Қытайдағы «Формула-1» жарысын кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. Барселонадағы Mobile World Congress көрмесінің ұйымдастырушылары коронавирусқа байланысты көрме өтпейтінін мәлімдеді.

Ресей Қиыр Шығыстағы Қытаймен шекарасын жауып, көрші елге қатынайтын автобустарды тоқтатты. 14 ақпаннан бастап Ресей мен Қытай арасындағы чартерлік рейстер тоқтайды.

Видео: Коронавирус туралы не білу керек? (4 ақпан 2020 жыл).

Azattyq