Қытай армиясы таяу жылдары озық қарумен жарақтанады

0

Қытай қарулы күштері таяу жылдары соңғы үлгідегі озық қару-жараққа ие болуы мүмкін. Бұл туралы АҚШ әскери барлауының 15 қаңтарда жариялаған арнайы есебінде айтылады. Барлау Қытай армиясы заманауи қару-жараққа соңғы жылдары қорғаныс күштерінің әскери әлеуетін күрт күшейту және Тайваньді Қытайға қосу мақсатында жүргізіліп жатқан модернизация нәтижесінде қол жеткізуі мүмкін екенін айтады.

Әскери барлау есебінде Пекин Тайваньді «сыртқы күштер» қорғауы мүмкін деп қауіптеніп, аймақтағы «бөтен күштердің» іс-әрекетін тежейтін жүйе жасауға мәжбүр болып отырғаны айтылады.

АҚШ мәліметі бойынша, Қытайдың 2018 жылы қорғанысқа бөлген қаржысы 200 миллиард доллардан асып, 2002 жылдан бері үш есеге көбейген. АҚШ-тың жылдық қорғаныс бюджеті 700 миллиард доллардан асқанымен, оның көбі ғылыми зерттеулер мен жаңа қорғаныс жүйелерін құруға жұмсалады. Ал Пекин зерттеуге кететін қаржыны үнемдеп, сатып алған және заңсыз жолмен қолға түсірген шетелдік технологияның көшірмесін жасауға ден қойып отыр. Пекин сонымен қатар батыстық компанияларды Қытай нарығына кіру үшін күрделі технологияларды беруге мәжбүрлеп отыр.

Америкалық барлау қызметінің мәліметінше, қазір Қытай арсеналында ұшақтан, кемелер мен сүңгуір қайықтан атылатын және мың шақырым қашыққа ұша алатын, мысалы АҚШ-тың ең үлкен әскери-теңіз базасы орналасқан Гуам аралына жететін қанатты зымырандар бар. Қытай сонымен қатар авиатасығыштарға соққы беретін кемеге қарсы баллистикалық зымырандарды бірінші болып жасады.

Америкалық сарапшылар Қытайдың Тайваньды өзіне күшпен қосып алуға әйтеуір бір талпыныс жасайды деп санамайды. Олардың болжамынша, Қытай бұл мәселеде жанжал шығарудан тартынады. Пентагонның жоғары шенді қызметкерінің СNN-ге сұхбатында айтуынша, Пентагон Қытай армиясының қорғаныс әлеуеті күшейсе қытайлық әскерилердің өзіне деген сенімі артып, олар Қытай басшысына соғыста жеңіске жетеміз деп мәлімдеуі мүмкін деп алаңдайды.

Дереккөз: Азаттық