Қытай АҚШ-тың Шыңжаңдағы аз ұлттарды қудалау жайлы сынына жауап берді

0

Пекин АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Шыңжаңдағы аз ұлттарды қудалау жайлы сынына жауап берді. Жақында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытайдың ұйғырларға қысымын «ғасырдың қара таңбасы» деп атаған еді.

19 шілдеде Пекинде болған баспасөз жиынында Қытайдың сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан мұндай ескертуді «екіжүзділік» деп атады.

«Дін бостандығы деп аталатын конференцияда Қытайдағы діни ахуал мен дін саясатына байланысты ғайбат сөз айтылды» деді Шуан. Ол мұны Қытайдың ішкі ісіне араласу деп білетінін жеткізді.

Гэн Шуанның айтуынша, Қытай тарабы мұндай сипаттағы сын-ескертпелерді айыптайды және оған төтеп береді.

«АҚШ-тың дін мәселелерін желеу етіп, өзге елдердің ішкі ісіне араласуын тоқтатуды талап етеміз» деді Гэн Шуан.

БҰҰ сарапшылары 2018 жылы шамамен миллион этникалық ұйғырдың Қытайдың «экстремизмге қарсы орталықтарында» қамалып жатқанын мәлімдеген. Тағы миллионнан астам адам «қайта тәрбиелеу лагерьлеріне» қамалған. Помпеоның сөзінше, бұл лагерьлер басым бөлігі ислам дінін ұстанатын «аз ұлттардың діни және этникалық болмысын жоғалту үшін» құрылған. БҰҰ Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң провинциясын құдды «тұтқындарға арналған алып лагерь» іспеттес орын деп сипаттаған.

Дәл осының алдында БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесіне Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынайтын хат түскен. Жапония, Австралия, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Швейцария бастаған 22 елдің БҰҰ-дағы елшілері Шыңжаңдағы діни азшылықтар қамауда отырған лагерьлердегі қысымды айыптаған.

15 шілдеде 37 елдің БҰҰ-дағы елшілері осы ұйымның Адам құқығы жөніндегі кеңесіне хат жазып, Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын қолдайтынын мәлімдеді. Олардың қатарында Ресей, Сауд Арабиясы, Беларусь, Тәжікстан, Түркіменстан болды.

2017 жылы көктемінде Шыңжаң аймағындағы аз ұлттар қысым көріп, олардың кейбірі лагерьлер қамалып жатқаны айтыла бастаған. Қытай үкіметі басында саяси тәрбиелеу орталықтарының барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин Шыңжаңдағы саясатын «экстремизмге қарсы шара» деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді «тіл үйреніп, кәсіпке баулитын » орталықтар деп түсіндірген еді. Құқық қорғаушылар мен лагерьде болған азаматтар мұндай орындардың кәсіпке баулу орталықтарынан гөрі түрмеге ұқсайтынын, онда қысым мен азаптау оқиғалары барын айтқан.

ВИДЕО: «Қытай лагері ішіндегі өмір».

Azattyq