Қытай АҚШ-қа Huawei басшысына қатысты ескерту жасады
Қытай Канада Huawei Technologies компаниясының атқарушы директоры Мэн Ванчжоуды Вашингтонның сұрауы бойынша тұтқындаған соң АҚШ-тың Пекиндегі елшісі Терри Бранстадты шақыртты.
Қытай сыртқы істер министріінің орынбасары Ле Юйчэн 9 желтоқсан күні АҚШ елшісін шақыртып, оған Мэн Ванчжоудың тұтқындалуына байланысты «ресми қарсылық мәлімдемесін» тапсырды.
Ресми Xinhua агенттігінің хабарлауынша, Ле Юйчэн Ванчжоудың тұтқындалуын «барып тұрған сорақылық» деп атап, АҚШ-тан оны Канададан экстрадицияламауды талап етті. Ол елшіге Вашингтон Huawei басшысын қудалауын тоқтатпаса, Пекин АҚШ-қа қарсы шара қолданатынын ескертті.
Қытай Сыртқы істер министрлігі 8 желтоқсанда Канаданың Пекиндегі елшісін де шақыртып, Мэн Ванчжоуды қуғындауды дереу тоқтатуды талап еткен.
Қытай азаматы әрі Huawei компаниясының негізін қалаушының қызы Мэн Ванчжоуды Канада билігі Ванкувер әуежайында желтоқсанның 1-і күні ұстаған.
ВИДЕО: Huawei-дің атқарушы директоры Канадада ұсталды
АҚШ билігі Мэн Ванчжоу Вашингтонның Иранға салған сауда санкциясын бұзып, сауда-саттық жасамақшы болған деп күдіктенеді. Оған америкалық бірнеше мемлекеттік мекемені алдау мақсатында қитұрқылық жасаған деген айып тағылған. Reuters агенттігі АҚШ-қа экстрадицияланып, сот айыпты деп таныған жағдайда Мэн Ванчжоуға ұзақ мерзімді түрме жазасы тағайындалуы мүмкін деп хабарлайды.
Мэн Ванчжоу Канадада өзіне тағылған айып бойынша кінәлі емесін, АҚШ-қа экстрадицияланған жағдайда сотта оны дәлелдейтінін мәлімдеген.
Huawei Ирандағы операцияларын «қолданыстағы заңдарға, АҚШ, Еуропа Одағы мен БҰҰ санкцияларына сай жүргізгенін» айтады.
Дереккөз: Азаттық