Қысқы марафон мәреге жетті | «Айқын» газеті
«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы мен Қазақстан Құрысшылар одағы бірлесіп қысқы марафон өткізді. Шара Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылды. Спорттық шараның мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының негізгі бағыттарын халыққа түсіндіру және насихаттау.
Елордадан шыққан «Астана – Алматы» бағытындағы марафонның 10 қатысушысы мәреге жетті. Тәуелсіздік күніне орай белгілі спортшылар мен кәсіпкерлер және саясаткерлер қос қала арасында 1 345 шақырымды жүгіріп өтті. Бес күнге жалғасқан марафон барысында қатысушылар 6 елдімекенге тоқтап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.
– Бұл шара қазақстандықтардың салауатты өмір салтын қаншалықты ұстанғысы келетінін көрсетеді. Біз кез келген ауа райына төтеп бере алатынымызды дәлелдедік. Марафонға қатысқан белгілі азаматтар тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды спортқа бейімдеуге өз үлесін қосты. Бұл шара халықтың рухы мен бірлігін, ынтымағын көрсетеді, – деді «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Власдислав Сергеев.
– Марафонды сәтті аяқтадық. Әрине, марафоншыларға алыс қашықтықты бағындыру оңай болған жоқ. Қыс айында жүгірдік. Арамызда кәсіби марафоншылар, сондай-ақ алғаш рет қатысқан азаматтар да бар. Олардың мақсаты ортақ. Салауатты өмір салтын ұстанып, жастарды спортқа баулу, – деді Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.
Он екі жыл бойы марафонға қатысып келе жатқан 51 жастағы кәсіби марафоншы Дулат Иманқажы да марафоннан соң тәжірибесімен бөлісті.
– 2011 жылы Алматыдан Астанаға жүгіріп келгенмін. Астанадан Бейжіңге дейін велосипедпен жүріп өттім. Абылайдың 300 жылдығында Астанадан Көкшетауға жүгіріп барған едім. Қазақстанның 550 жылдығында Шу, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Жезқазған, Ұлытауға дейін жүгіріп бардым. Астанадан Меккеге дейін де жүгірдім, – дейді тәжірибелі марафоншы.
Айта кетейік, марафон қашықтығы Астана – Қарағанды – Балқаш – Сарышаған – Ақсуек – Қаскелең – Алматы қалаларындағы 7 елдімекенді қамтыды.
Әбілмансұр ЖАСАН