Қырық ғасырлық ұрпақ сабақтастығы бар

0

Осы орайда халқымыздың ежелгі физикалық-антро­по­ло­гиялық зерттеу нәтижелеріне тоқ­талсақ, қазақ халқы – ежелгі тас, темір дәуірлерінде, антикалық қола дәуірінде, бертіндегі Түркі қағанаты заманында дәл осы атамекенінде өмір сүрген. Ұлы далада 40 ғасырға татитын ұрпақ сабақтастығы бар. Оны біз қазақ этносына қатысты оның – бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс құрылысы, сезімі, тері бедерлері мен қаңқа сүйектеріне ұзақ жыл жүргізілген кешенді салыстырмалы зерттеудің нәтижесінде анықтап қойдық. 

Яғни, қазақ халқы Еуразия құр­лы­ғын­да өзімен бірге тұрып жатқан жүзде­ген этностық топ­тардың ешқайсысына ұқса­майтын жеке-дара, Құдай ай­рық­­ша бөлек етіп жаратқан өзін­­­дік морфофизиологиялық анық­­­­тамалары мен антрополо­гия­­­лық мәртебесі бар этнос еке­ні дәлелденді. Осы зерттеу­дің арқасында қазақтың биоло­гия­лық, антропологиялық тари­хы жаңадан жазылып, ешкімге ұқ­са­майтын жеке-дара этнос ретінде осыдан 4000 жыл бұ­рын пайда болғандығы толық нақ­ты­ланды. 

Яғни, қазіргі қазақтарда ежел­­гі аталарымыздың үлесі – қан құрамында, бет-әлпетін­де, алақан тері бедерлері, тіс мор­фо­логиясы сияқты пропор­цияларында және био­ло­гия­лық, морфологиялық, фи­зиоло­гиялық гендерінің үштен бі­рінде сақ­таулы. Осының ар­қа­­сында қазақ айналасында өмір сүріп жатқан топтардың бір­де-біреуіне қосыл­майтын да­ралығын сақтай алған. 

Жоғарыдағы дәлел арқылы біз қазақтың этномәдени бірлігі осы Ұлы далада қалыптасқанын айта аламыз. Елбасының мақаласында ай­тылғандай, қазақ жерінде пайда болған протомемлекеттік бір­лестіктердің дені қазіргі Қазақ­стан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі эле­менттерін құрап отыр. 

Бағдарламалық мақалада сөз болған тағы бір өзекті тақырып – «Ұлы даладағы ежелгі металлургия». Әлемдік ғылымда этнос бірлігі мен генезисі физикалық-антропологияның сыртында археологиялық деректермен де толығуы керек. Бізде осы тәсіл өте кенжелеп қалған. Мысалы, Ұлы даламыздан бүгінге дейін табылған археологиялық мұралардың хронологиялық анықтама­лықтары бар. Бірақ онда бұл жәдігер тікелей қазақтың дүниесі немесе ата-бабаларымыздан қалған «көз-құлақ» деген нақты пайым ешқашан айтылмайды. 

Айталық, Ұлы даламызда 4 мың жыл бұрын металл қорытқан. Оның сыртында қазбалардан табылып жатқан, одан қалды қазіргі қолданыста жүрген немесе музей экспонаты ретінде сақтаулы тұрған қолданбалы өнер бұйымдарына қараңыз. Олардың жасалу стилі мен көркемдігі әлі күнге толық зерттелген жоқ. 

Біз әлемдегі тас дәуірін, қола дәуірін және темір дәуірін басынан өткерген аз халықтар қатарына жатамыз. Ондай халық көп емес. Мысалы, Батыс Еуро­па­да, сонымен қатар араб-парсы жұртының сахарасы Хижаз даласында металл болмағандықтан бұлар тас дәуірін ғана бастан кешірген. Тарихта олардың қолынан шыққан металл бұйымдар аспаннан түскен метеориттерді пай­даланудың нәтижесінде дүниеге келген. Өйткені олардың жерінде темір, қола болмаған.

Одан кейін аталарымыз қолданбалы өнерді дамыту үшін қажет шикізатты ешқайдан әкелген жоқ. Өзінің бағзыдан мекен етіп, кірін жуып, кіндік қаны тамған атамекенінің қойнауынан алып отыр. Елбасының «Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі» дегені тарихи шындық. 

Қысқасы, еуроцентристік көзқарас қазақ халқын көшпенді ретінде қабылдату арқылы біздің бабалар мұрасын көмес­кілендіруге ұмтылғаны шындық. Ойлап қарасаңыз, аттан түспей шауып жүрген адам темірді қалай қорытады, қола мен мысты қалай балқытады, яғни өзіміз көшпенді ретінде қабылдап келген ата-бабаларымыздың керемет өнерін жете бағалай алғанымыз жоқ. 

Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұ­лы Назарбаевтың өзінің жоғары­дағы мақаласындағы «ежелгі аталарымыз металл өндірудің амал-тәсілдерін табу арқылы тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбе­гейлі өзгертті» деген пайымы өте орынды.

Оразақ СМАҒҰЛ, 

академик