«Қырындап, тиісетін қонақтар жетерлік «: Қызылордалық даяшы күнделікті жұмысы туралы айтып берді
Қазіргі қоғамда көптеген маман иелері бар. Сан салада жұмыс жасайтын жандар өз қызметтері туралы ашық айтудан жасқанбайды. Солардың бірі — қызылордалық Аида есімді ару. 21 жастағы бойжеткен қалдағы орта деңгейлі дәмханалардың бірінде жұмыс жасайды. Күнделікті түрлі оқиғалардың куәгері болып жүрген даяшы Stan.kz тілшісімен тілдесіп, жұмысы туралы айтып берді.
Аида Қызылорда қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алады. Карантинге байланысты оқу процесі онлайн форматында жүруде. Уақытын тиімді пайдаланып, қосымша қаражат табу үшін даяшы болып жұмыс жасап жүр. Қазіргі дәмханаға орналасқанына үш жылға жуық уақыт болып қалған екен. Осы уақыт аралығында талай қиындықтарды еңсеріп, түрлі қызықтардың куәгері болды. Бұдан бөлек, жұмыста жүріп жұртшылықтың тамақтану мәдениетіне қатысты пікірі қалыптастырып үлгерген екен.
«Негізінен көпшілік даяшы болып жұмысқа орналасу оңай деп ойлайды. Алайда дәмханалар мен мейрамханалар кез келген адамды қабылдай бермейді. Бірінші кезекте, әрине сырт келбетке көп көңіл бөледі. Бойы ұзын, мүсіні сымбатты қыздарды іздейді. Тәжірибесі болса, тіпті керемет. Мен екі апта сынақтан өттім. Бастапқыда дәмхананың ас мәзірімен таныстым. Әр тамақтың құрамын жаттап алуым керек болды. Кейін басшылар жұмысқа алып қалды», — дейді бойжеткен.
Бүгінде Аида күніне 2500-3000 теңге аралығында қаражат табады. Өзі жұмыс жасайтын дәмхана қала орталығында орналасқан. Соның арқасында келім-кетушілер көп. Мұнда көбіне материалдық жағдайы орташа азаматтар келеді. Ас мәзіріндегі бағалар айтарлықтай қымбат емес, оның үстіне тағамдардың мөлшері де көп екен. Тұтынушылардың негізгі қалауы да осы, дейді қызылордалық ару.
«Ораза айы болғандықтан келушілердің қатары сәл азайып қалды. Бірақ ауызашар уақытында барлығына бірдей қызмет көрсетіп үлгермей қаламыз. Мұндай кездері ұрыс шығарып, жанжалдасатындар да болады. Негізінен біздің қоғамда даяшыларға дөрекі сөйлейтіндер, адам қатарына қосқысы келмейтіндер көп. Мұндай әрекетті көбіне әйел адамдардан байқауға болады. Неге екені белгісіз, орта жастағы әйелдер жас қыздарды онша ұната бермейді. Ер кісілер көбіне сыпайылық танытады», — деді бойжеткен.
Аида көбіне қонақтар мәдниетінің төмен екенін айтады. Дөрекіліктен бұрын, есеп айырысқанда әрбір тиынын санайтын жандар да жиі кездеседі екен. Әдетте, көптеген шетелдерде дәмхана қонағы даяшыларға «шайпұл» қалдырып кетеді. Бойжеткен мұндай дүниенің Қызылордада мүлдем жоқ екенін айтады. Тіпті қаншалықты жақсы қызмет көрсетсең де, алғысын айтатын адамдар жоқтың қасы.
«Кейбір адамдар даяшылардың «левый» ақшалары болады деп ойлайды. Өкінішке орай, негізгі табыстан бөлек қосымша қаражат көзі жоқ. Кинолардағыдай бізге ешкім «шайпұл» тастап кетпейді. Мұндай мәдниет біздің қоғамда қалыптаспаған. Көп жағдайда дәмхана қонақтары тапсырыс беріп, желінбей қалған тамақтарын өздерімен бірге алып кетеді. Тіпті, кейбір ер адамдардың өздері тауыспаған нанын да орап беруді өтініп жатады. Бастапқыда мұндай кезде өзімді жайсыз сезініп қалатынмын. Кейіннен етім үйреніп қалды. Графинде ішілмей қалған ішімдікті де құйып берген кезім болды. Ақшасы төленген затты қалдыруға болмайды», — деп атап өтті даяшы.
Аиданың сөзіне сенсек, көптеген ер азаматтар даяшы қыздарға қырындап, жақындасуды ұсынатын кездері болады екен. Өз басынан да осындай келеңсіз жағдай өтіпті. Жасы 40-тан асқан азамат бірнеше мәрте кездесуге шақырып, тіпті ақша үшін төсектес болуды ұсынған. Қызылордалық бойжеткен, даяшыларды жезөкшелермен шатастырып алатындардың көп екенін айтып, ашынады.
«Осыдан жарты жыл бұрын болған оқиға. Дәмханамызға бір топ ер азаматтар тамақтанып, демалуға келген болатын. Ішінде жасы қырыққа жақындаған ер кісі маған тиісе берді. Көңіліме алмауға тырыстым. Әрі-бері телефонымды сұрады, әрине бермедім. Әкеммен жасты кісінің мұндай әрекетке барғаны тіпті ұят қой. Бір күні қасымдағы қыздан хат беріп жіберіпті. Бір түнге 100 мың теңге беремін депті. Қатты шошып кеттім, әрең дегенде құтылғаным есімде», — дейді Аида.
Бүгінде Аиданың сүйіктісі бар. Жас жігіт бойжеткеннің дәмханада қызмет жасауына қарсы. Дегенмен қызылордалық ару жұмысын тастап кеткісі келмейді. Тұрақты табыс шығындарын жауып, отбасына көмек көрсетуге қажет. Оқуын аяқтағаннан кейін, өз мамандығы бойынша қызмет жасауды армандайды.
«Мен дәмхана қонақтарына қызмет көрсетуге намыстанбаймын. Лас ыдыс-аяқтарды жинап, үстелдердің үстін тазалау маған мүлдем қиын емес. Ең бастысы, еңбегіміз лайықты бағаланға деймін. Қазіргі карантинге байланысты, дәмхананың жұмыс кестесі де тұрақтанбай тұр. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Келешекте өз мамандығым бойынша жұмыс жасағым келеді», — деп қорытындылады әңгімесін қызылордалық бойжеткен