Қырым татарларының тоғыз белсендісі қамалды

0
88

Мәскеу аннексиялап алған Қырым соты Ресейде тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» діни ұйымының қызметіне қатысқан деген күдікпен ұсталған тоғыз Қырым татарын 15 мамырға дейін қамауға жіберді. 27 наурызда қабылданған сот шешімі туралы ресейлік журналист Антон Наумлюк хабарлады.

Бүгін, 28 наурызда, сот өтіп, тағы 11 қырымдық белсендіге бұлтартпау шарасы тағайындалуы керек. Төрт азаматқа іздеу жарияланған.

Ұсталғандардың бірі Рустем Сейтхалиловтің адвокаты Константин Рустемовтің сөзінше, Сейхалиловқа қатысты сот процесі бірнеше минутқа ғана созылған.

27 наурызда Қырымда Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ), ішкі істер министрлігі мен Росгвардия қызметкерлері Ресейде және тағы бірқатар елде тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» діни ұйымының қызметіне қатысқан деген күдікпен бірнеше тұрғынның үйін тінтіген.

Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялағаннан кейін түбекте 31 жергілікті мұсылман «Хизб ут-Тахрир» ұйымына қатысы бар деген күдікпен қудалауға ұшыраған. Ресей 2003 жылы «Хизб ут-Тахрир»-ді террорлық ұйым деп танып, тыйым салған. Украинада бұл ұйым емін-еркін әрекет қылады.

Биыл 22 ақпанда ФСБ «билікті күштеп басып алмақ болған» деген айыппен сегіз адамның үстінен іс қозғаған.

Украина билігі «Ресей құқық қорғау органдары бұл операциясы арқылы адам құқықтарын бұзудың ең үлкен мысалын көрсетті» деп мәлімдеді. Украина президенті Петр Порошенко азаматтардың үйін тінту мен оларды қамауға алуды Мәскеудің Қырым татарларын жаппай қорқытып-үркіту акциясы деп атады.

Ресейшіл Қырым үкіметінің басшысы Сергей Аксенов «құқық қорғау органдарының әрекетін толықтай қолдаймын, репрессия туралы айтылған кез келген әңгіме – жалған» деп мәлімдеді.



Azattyq