Қырым соты Украина теңізшілерін қамаудан босатпады

0
62

Ресей аннексиялап алған Қырымның жоғарғы соты Ресей шекарашылары Қара теңізде ұстаған украин теңізшілерін қамау туралы алғашқы сот инстанциясының шешімін күшінде қалдырды. Апелляциялық сот 20 теңізші, оның ішінде Украинаның «Никополь» катерінің командирі Богдан Небылиц пен «Ян Капу» буксирінің командирі Олег Мельничуктің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Теңізшілер 24 қаңтарға дейін қамауда болады.

25 қарашада таңертең Керчь бұғазында Ресей әскерилері украин кемелерін атқылап, екі әскери кемені 24 теңізшісімен ұстаған. Бірнеше әскери жараланған. Ресей украин кемелері территориядан «заңсыз кесіп өтті» деп айыптаса, Украина кемелердің бұл аумақтан өтетіні «алдын-ала ескертілгенін» айтып, кемелердің заңсыз ұсталғанын айтқан.

26 желтоқсанда интернетте Ресей мен украина арасында тұтқындарды бірге бір алмастыруды ұсынған петиция жарияланған. Құжат Ресей президентіне, үкіметі мен сыртқы істер министрлігіне бағытталған. Петицияны дайындағандар арасында саяси технолог әрі кремльшіл «Наши» қозғалысының бұрынғы баспасөз хатшысы Кристина Потупчик, Мемлекеттік дума депутаты Сергей Шаргунов, Ресей президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі кеңестің мүшесі Екатерина Винокурова, журналистер Олег Кашин мен Антон Красовский, RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян бар. Олар Ресей билігін тұтқындағы украиналық теңізшілерді Украинада түрмеде отырған ресейліктерге алмастыруға шақырады.

Дереккөз: Азаттық