Қырғызстанның сыртқы істер министрі Қазақстаннан көмек сұрады

0

Қырғызстанның сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев Қазақстаннан дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарын сұрады. Бұл туралы Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қырғызстанның сыртқы істер министрі Нұр-Сұлтанға келді. Ол Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесті.

Қырғыз министрі елдегі жағдайдың біртіндеп тұрақталуы және саяси процестердің конституциялық өріске оралуы туралы мәлімдеді, сондай-ақ «қырғыз тарап өзінің барлық халықаралық міндеттемелеріне және бұрын қол қойылған барлық екіжақты және көпжақты халықаралық келісімдердің қатаң орындалуына толық берік болып қала береді» деп сендірді.

«Ол әсіресе Қырғыз Республикасының үкіметі заңнамаға сәйкес шетелдік инвестициялардың, оның ішінде қазақстандық инвестициялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайтынын атап өтті», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Қырғызстан cыртқы істер министрлігінің басшысы қырғыз тарапына қаржылық және техникалық көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

«Министр Руслан Қазақбаев қазақстандық тараптан Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің қажеттіліктері үшін ақысыз дәрі-дәрмектермен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету арқылы көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Екі елдің сыртқы істер ведомстволарының басшылары жүк тасымалдаушылар үшін, әсіресе коронавирустық пандемия кезінде қолайлы жағдайлар жасау үшін, қырғыз-қазақстан мемлекеттік шекарасындағы тұрақты жағдайды одан әрі сақтаудың маңыздылығын атап өтті», — деп хабарлады Қырғызстан СІМ.

Қырғыз тарапы қазақстандық тарапқа ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, тауарлардың транзиті үшін шекара маңында бірлескен сауда-логистикалық орталықтар құруды ұсынды.