Қырғызстанның кеден қызметі Қазақстанның шағымына жауап берді

0

Қырғызстанның мемлекеттік кеден қызметі Қырғызстан аумағы арқылы Қазақстанға жеткізілетін «заңсыз импорт» туралы Қазақстан билігінің мәлімдемесіне жауап берді. Бұған дейін Қазақстанның қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитеті Қырғызстандағы өткізу пунктеріндегі тексеру техникаларының талапқа сай келмейтінін, соның кесірінен Қытайдан контрабанда көбейгенін хабарлаған еді.

Кеден қызметінің айтуынша, статистикаға сәйкес «мұндай проблема Қазақстанның өз ішінде де бар».

«Қытайдан Қазақстанға экспортталатын тауар мен Қазақстанға импортталатын тауар көлемі арасындағы алшақтық 2015 жылы 3,3 миллиард доллар болған. Ал 2018 жылы 6 миллиарды құраған. Яғни, екі есеге көбейген. Осылайша өткізу пунктеріндегі құрылғылардың жаңартылғанына қарамастан Қазақстанда бұл проблема ушығып отыр» делінген кеден қызметінің жауабында.

Кеден қызметі сонымен бірге қырғыз-қазақ және орыс-қазақ шекараларындағы өткізу пункттерінде Ресей мен Қазақстанға бара жатқан Қырғызстанның барлық транзит тауарлары толық тексеруден өтетінін жазған.

«Қазақстанның мемлекеттік кіріс комитетінің бұл әрекеті Дүниежүзілік сауда ұйымының ережесі мен Еуразия экономикалық одағы келісімінде бекітілген тауарлардың еркін қозғалысы принципін бұзады. Комитеттің бұл әрекетін кеденді жасырын бақылау деп санаймыз» дейді Қырғызстанның кеден қызметі.

Бұған дейін Қазақстан билігі 2019 жылдың алғашқы алты айында 1800 контрабанда фактісін анықтағанын хабарлады. Нұр-Сұлтан бұл әрекеттің салдарынан мемлекеттің 1 миллиард теңге (2,6 млн доллар) шығынға батқанын мәлімдеді.

Azattyq