Қырғызстанның бұрынғы президенті Путиннің тасасына тығылды ма?
2017 жылғы қазанда өткен президент сайлауында Атамбаев Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбековтың кандидатурасын қолдаған. Ол “Жээнбеков менің саясатымды жалғастырады” дегенді қайталап айтумен болған. Атамбаев елді тасадан басқарып отыра беруі мүмкін деген де болжамдар айтылған.
Бірақ жағдай мүлде басқаша болды.
Көп ұзамай Атамбаев биліктегі ықпалынан айырылып, Жээнбековтың жұмысын сынай бастады, тіпті оны қолдағанына өкінетінін де жасырмайтын болды.
2017 жылғы қарашада экс-президент орнынан кете салысымен, оның әкімшілігінде лауазымды қызмет атқарған тұлғалар жемқорлықпен айналысты деп айыпталып, түрмеге қамала бастады. Атамбаевтың кезіндегі басшылардың үстінен жүріп жатқан тергеу біртіндеп экс-президенттің өзіне қарай жақындай берді.
Маусымның соңында Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент ретінде тиіспеушілік құқығынан айыруды жақтап дауыс берді. Сөйтіп тергеушілерге Атамбаевтың ел басқарған тұстағы әрекеттерін толық тексеруге мүмкіндік берілді.
Ішкі істер министрлігі осы айда Атамбаевты үш рет тергеуге шақырғанымен, ол бұл шақыртуларды елемей қойды. Ол Бішкектің сыртындағы үйінде бекініп, жақтастарын үй маңайына жинап, өзін тұтқындауға келген кез келген адамды ататын қаруы бар екенін айтып қорқытты.
Сонда да, оған тықыр таянғандай көрінген.
Дегенмен, шілденің 24-інде жағдай өзгеріп сала берді: Атамбаев “достарының шақыруымен” Мәскеуге барды. Онда ол Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Ресей басшысының астарлап айтқан сөзінен “Атамбаевты қылмыстық қудалау тоқтамаса, бұған Мәскеу қатты ренжиді” дегенді аңғаруға болады.
Бұдан былай Ресейдің Қырғызстандағы саясатқа ықпал ете алатынын мұндағы әрбір саясаткер есінде сақтайды.
Атамбаевпен кездесуден соң сөз алған Путин Жээнбековты және оның үкіметін қолдай сөйледі және қырғыздарды “қазіргі президенттің маңайына жиналып, елді дамытуға үлес қосуға” шақырды.
Бұған қоса ол “Қырғызстанның бірнеше ішкі саяси тербелісті бастан кешіргенін” айтты әрі бұл елге қазір “тұрақтылық қажет” деді.
ВИДЕО: Путин мен Атамбаев не жайлы сөйлесті? (Орыс тілінде).
Путиннің “екі саяси тербеліс” деп отырғаны – Қырғызстандағы 2005 және 2010 жылдардағы екі революция болса керек. Екі оқиға кезінде елдің президенттері орнынан түсірілген еді.
Қырғызстандағы 2010 жылғы революцияда Ресей де рөл ойнады.
Революциядан кейін Қырғызстанның президенттігіне келген Құрманбек Бакиев Мәскеудің сенімсіз одақтасы болып шықты. Мәскеу Қырғызстанның су энергетикасын дамытуға қомақты несие береміз деп уәде еткен, бұл Бішкекті энергетика бойынша Орталық Азиядағы көршілеріне тәуелділіктен құтқаратын еді. Осы келісім бойынша, Қырғызстан 2001 жылдың желтоқсанынан бері Ауғанстандағы операцияларға көмектесу мақсатында Бішкектің Манас халықаралық әуежайында орын тепкен АҚШ әскери күштерінің шағын базасын жабуы тиіс болған тәрізді.
Бакиев АҚШ-пен жаңа келісімге келді, ал Мәскеу Бакиевтің ұлы Максим мен оның достарын Ресей берген 450 миллион долларлық алғашқы несиені басқа салаларға салды деп айыптады. Олар ақшаны қайтарғанға дейін жылдам пайда көреміз деп үміттенсе керек.
Қырғызстанда кеңінен хабар тарататын Ресей телеарналары президент Бакиев пен оның ұлы туралы жағымсыз ақпаратты көп тарата бастады. Сол кезде Қырғызстанда коммуналдық төлемдердің қымбаттауына наразылардың көтерілісі басталып кеткен еді. Ресей телеарналарының Бакиев пен оның отбасын сынаған хабарлары отқа май құя түсті. Сөйтіп, 2010 жылғы сәуірде ол орнын кетірілді.
Оқиға мұнымен бітпеді.
2010 жылғы революцияда халықтың ең көп ықыласына бөленген саясаткерлердің бірі – “Ата-Мекен” партиясының төрағасы Омурбек Текебаев болды. 2010 жылғы қазандағы мерзімінен бұрын өтетін парламент сайлауында “Ата-Мекен” орындардың басым бөлігін иеленіп, Текебаев премьер-министрлік қызметті алады деген сенім болған. Алайда, “Ата-Мекен” парламентке өткен партиялар арасында соңғы орынға ілікті. Ал премьер-министр қызметіне Алмазбек Атамбаев келді.
Сөйлеген сөздерінен Текебаевтың батысшыл саясаткер екені анық байқалады. Содан ба, әйтеуір Ресей телеарналары сайлауға бірнеше ай қалғанда оны сынайтын хабарларды көп тарата бастады.
Бұл жағдай Ресейдің Қырғызстанның ішкі саясатына ықпал ету үшін “жұмсақ күшті” пайдаланатынын аңғартса керек.
Путиннің 24 шілдедегі мәлімдемесі Кремльдің Атамбаев пен Жээнбеков арасындағы текетірестің тез арада біткенін қалайтынын меңзейді. Қырғызстанның Кант қаласында Ресейдің әскери базасы бар. Оның үстіне Мәскеу ТМД аумағында революция нышандарының болғанын қаламайтынын, Қырғызстанға тыныштықты тілейтінін аңғартып келеді.
Атамбаевты Бішкектегі “бекініс-үйінен” шығарып, арнайы жіберілген жеке ұшақ арқылы Кант әуе базасынан Мәскеуге арнайы алдыруы Кремльдің бұлшықетін бұлтыңдатып отырғанынан хабар берсе керек.
Атамбаев елге қайтуға уәде берген, енді оның келмей қалуына еш себеп жоқ. Путин жанама түрде болса да Атамбаевтың қауіпсіздігіне кепілдік берді. Дегенмен, Ресей басшысының тұрақтылық туралы сөзі Атамбаевқа “Жээнбековты қатты сынай берме” деген құлаққағыс болса керек.
Путиннің ескертуі жағдайды біраз уақытқа тыныштандыруы мүмкін.
Бірақ бұл нәтиже Қырғызстан жұртшылығының көбіне ұнамайтын сыңайлы. Бішкектегілер ештеңенің ұмытпайтын да, ешкімді кешірмейтін де сияқты.
(Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін)