Қырғызстаннан келе жатқан әйел Қазақстан шекарасында босанып қалды

0
Қырғызстаннан келе жатқан әйел Қазақстан шекарасында босанып қалды


Оқиға Жамбыл облысының Қордай ауданында болған.

Жамбыл облысындағы «Ауқатты» өткізу пункітінің қызметкерлері Қырғызстаннан келе жатқан әйелді босандырып алды. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

«2 желтоқсан күні сағат 19.30 шамасында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 2038 әскери бөліміне қарасты «Ауқатты» өткізу пунктінде Қырғызстаннан келе жатқан Фарида есімді отандасымызды аяқ астынан толғағы қысқан.  Шекара наряды ауыл ауруханасынан медицина қызметкерлері жеткенше, жүкті анаға алғашқы көмек көрсетіп қана қоймай, оны босандырып та үлгерген», — делінген таратылған хабарламада.

Дүниеге келген ұл бала мен оның анасын Сортөбе ауылының ауруханасына жедел жәрдем көлігімен наряд басшысы, шекарашы-офицер бірге жеткізіп салған.

«Ананың да, нәрестенің де денсаулықтары жақсы. Шекара қызметінің әскери қызметкерлері мемлекеттік шекараның күзетінде әртүрлі күтпеген жағдайларға әрдайым дайын жүреді. Бірақ мұндай жағдай бірінші рет болды», — дейді Шекара қызметінің баспасөз қызметінен.

Дереккөз: ҚазАқпарат