Қырғызстанға өтіп кеткен 8 мың адам елге оралды — Қазақстан жаңалықтары
Қордай оқиғасынан кейін бас сауғалап Қырғыстанға өтіп кеткен 8 мың адам елге оралды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы үкімет отырысында Жамбыл облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаев мәлім етті.
«Қазіргі таңда комиссия өртенген үйлерді, сауда нысандарын жергілікті халықтың көмегімен қосымша тексеріп жатырмыз. Осы бір-екі күнде олардың нақты санын, одан кейін қандай көмек керегін айтамыз, ұсыныс жасаймыз. Біз осы үш күнде барлық 5 елді мекенде халықпен кездестік. Оларға қандай қолдау болатынын түсіндірдік. Жалпы халық бәрін дұрыс түсініп отыр», — деді Сапарбаев.
Бұған қоса әкім алдағы уақытта осыған ұқсас жағдайдың алдын алу үшін елді аймақтардың белсенді, абройлы азаматтарымен кездесіп, пікірлескенін айтып кетті.
«Өздеріңіз баспасөзден білесіздер, соңғы 3 күнде көптеген азамат көрші Қырғызстан еліне өтіп кетті. Осы екі күннің ішінде 8 мыңға жуық азамат қайтарылды. Кешеден бастап барлық мектеп, балабақша бұрынғыдай өз жұмысын жасап жатыр. Сауда дүкендері де жұмысын бастады»,- деді Бердібек Сапарбаев. Жамбыл облысының әкімі өрткенген үйлердің, дүкендердің құрылыстарын салған кезде жергілікті құрылыс компаниясы тартылатындығын баса айтты. «Жергілікті тұрғындарды да тартамыз. Сонымен қатар сол елді мекендерден шыққан кәсіпкерлермен жұмыс істеп жатырмыз. Олар өздері де көмектерін ұсынуда. Жалпы, барлық мәселе бақылауда, қалпына келеді деп ойлаймыз. Әрине, кемшліктер де бар. Оны алдағы уақытта жөндейміз», — деді әкім.
Өз кезегінде, ҚР премьер-министрі Асқар Мамин үкіметтік комиссияның жұмысын жалғастыруды атап кетті .
«Үкімет тарапынан қажетті көмек көрсетілетін болады», — деді Мамин.
Еске салайық, бұған дейін Қордайдағы қақтығысқа себепші болуы мүмкін адам туралы айтылған еді.
Аталмыш жайт аудан тұрғындарын бей-жай қалдырмады. Жиналған жүрт бұған дейін ауылдарда келеңсіздіктер орын алғандығын, алайда жергілікті билік жылы жауып қоя салғандығын айтты. Сөздерінше, ауылдардағы мәселенің барлығы ақшалай шешіледі екен.
stan.kz