Қырғызстандағыдай тәртіпсіздіктер Қазақстанда да басталады: Елімізде болуы мүмкін революция туралы сарапшылар не дейді

0

Қырғыз елінің берекесі тағы кетіп, тыныштығы бұзыла бастады. Парламенттік сайлау қорытындысына наразы халық елдің бас ғимаратын «Ақ үйді» басып алды. Ал ресейлік сарапшылардың пікірінше, Қырғызстандағы дәл осы жағдай Қазақстанда қайталануы мүмкін екен. Олар бұл пікірмен нені астарлап отыр? Көрші елдегі саяси ахуалға байланысты Stan.kz тілшісі отандық саясаткерлердің ойын тыңдады.

Беларуссиядағы тәртіпсіздік, Таулы Қарабақтағы шайқас және Қырғызстанда басталған «майдан»  Қазақстанда да болуы мүмкін. Бұл туралы Life.ru басылымына сұхбат берген ресейлік сарапшылар айтты.

«Биылғы жылдың басында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның посткеңестік кеңістіктегі елдерге жасаған саяхатын еске алсақ жеткілікті. Ол Украинаға, Белоруссияға, Қазақстанға және басқа да бірқатар республикаларға барды. Бұл елдерде қазіргі Қырғызстан секілді саяси шиеленіс жүріп жатыр немесе енді белең алып келе жатыр», — деп атап өтті ММУ профессоры, саяси ғылымдарының докторы Андрей Манойло Life.ru тілшісіне берген сұхбатында.

Саясаткер Дос Көшім көрші елдегі дүрбелеңнің салдары бізге де тиіп кететінін ескертті.

«Біріншіден, бұл жағдай билікке әсер етуі керек. Билік әділетсіз сайлау өткізсе, халықты алдай берсе, бір күні «жарылатынын» түсінуі керек. Себебі, қайта-қайта алдап, сайлауды ойынға айналдырған уақыттың тірелетін жері болады. Ал екіншіден, халық үшін сабақ болды. Әркім өз дауысы үшін күресе алу керек, басқалар үшін емес. Әңгіме өз дауысың ұрланды ма — әділдік үшін күрес, талап ет. Демократиялық елде сайлау әділетсіз өтсе, өз көзқарасыңды білдіру заңды. Қашанғы әділетсіз сайлауға көне береміз деген ұмытылыс болуы керек», — дейді ол.

Қырғызға туған күн қазаққа да туады деп жазып жатқан ресейлік саясаттанушылардың пікіріне қатысты:

«Кеңес өкіметі құрамында болған елдердің жағдайы бір-біріне ұқсас. Сондықтан келесі қадамының қандай болатынын болжауға болады. Украина, Грузияда бастап бірінен кейін бірі келе жатыр, сол себепті кезек бізге келді деп ойлайтын шығар. Бал ашудың бір түрі деп ойлаймын. Бірақ олардың айтып отырғандары болуы мүмкін. Кеңес үкіметі кезінде ең бірініші болып желтоқсанда көтерілген қазақ болды. Қазір қазақ халқының мінез-құлқын болжау өте қиын. Менің ең таңғалатыным және риза болатыным қазақтар бір ауыз сөзге көтеріледі. Бірақ басу және түсіндіру қиын», — дейді Дос Көшім.

«Халық ағынымен келетін көтерліс жолындағысының бәрін алып кетеді. Сондай ағымнан келетін биліктен қорқуға болады. Олар шолақ белсенділер, бұрын билікте болып, кейіннен оны жамандап шығатын екіжүзділер келеді. Әңгіме бір адамды биліктен алып, екінші адамды қоюда емес, әңгіме қоғамның өзгерісінде жатыр. Қоғамды өзгертетіндей күш келуі керек. Бізде билікті ауыстыру, президентті құрту деген ұран бар. Жоқ, олай емес, әуелі қоғам өзгеруі керек», — дейді саясаткер.

Оның пайымынша, қырғыз елі сайлауды қайта өткізуі керек. Себебі халықтың көтерілуіне сайлау себеп болып отыр. Ал егер саяси күштердің арандатуымен шыққан көтеріліс болса, уақытша жаңа басшы тағайындауы мүмкін.

Саясаттанушы Расул Жұмалының пайымынша, қырғыз ағайындардың шаңырағының шайқалуы бізге де кейбір ыңғайсыздықтарды әкеледі.

«Екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелері туындауы мүмкін. Шекарада күзет күшейіп, шектеулер орын алады, сауда әрекеттері шектеледі», — деген Расул Жұмалы бұл жағдайдан сабақ алу керек екенін айтты.

Қазақстанда дәл мұндай жағдайдың қайталануы туралы дөп басып айтуға қиналған саясаттанушы билікке үндеу тастады.

«Бізде қайталана ма әлде жоқ па деген сұраққа дөп басып ешкім айта алмайды. Мәселе билікке тікелей бағытталуы керек. Әділетсіз сайлаумен халықты алдаудың соңы осындай болатынын білуі керек. Сонымен қатар, бәрін аударып, қырып, төңкерумен жағдай оңалмайтынын қоғам түсінуі керек», — дейді ол.

Расул Жұмалы ресейлік сарапшылар айтып жатқан болжамды теріске шығаруға болмайтынын жасырмады. Керісінше, назар аудару керек екенні ескертті.

«Қырғызстанмен ұқсас жақтар бізде жоқ емес, ол барлығымызға белгілі. Бізде де билікке деген сенімсіздік, наразылық бар. Олардың бірталайы негізді. Дегенмен ресейлік сарапшылар дәл осындай болжамды 2005 жылы Қырғызстанда революция болған кезде де айтқан болатын. Оның астарында өздерінің түрлі негіздемелері, дәйектемелері бар да шығар. Сондықтан Ресей сарапшыларының осындай болжамдарына мән беріп қарауымыз керек. Олардың айтқандарын мүлде теріске шығару популизмге әкелуі мүмкін», — деген пікірде Жұмалы.

Саясаттанушы Айдос Сарым топшылауынша, көрші елдегі бұл жағдай елімізде орын алу бек мүмкін.

«Жағдай тұрақталмаса, билік вакуумы сақталса, бүгінгідей кланаралық, партияаралық жүре бертін болса халық көтерілуі мүмкін. Қырғыз еліне бір мүддені көздейтін, ұлттық реформа жасайтын билік керек. Ал егер осы бетімен кете беретін болса, оңтүстік және солтүстік болып қақтығыстарға ұласуы мүмкін», — дейді.

Айдос Сарым көрші елде тез арада бәрінің тұрақтанып, алдыңғы қатарлы елге айналғаны бізге тиімді екенін айтып қалды.