Қырғызстандағы «Қызғалдақ революциясы»: 14 жылдан соң

0
188

ЖАСТАРДЫҢ РЕВОЛЮЦИЯҒА ҚАТЫСУЫ

Жогорку Кенешінің (Қырғызстан парламенті) бұрынғы депутаты Әлішер Мамасалиев Ақаев басқарған тұста билікке қарсы наразылық шараларын ұйымдастырып, «Кел-Кел» атты жастар қозғалысына жетекшілік еткен. 14 жылдан кейін ол мемлекет саясатына «тың күш» тартудың маңызын атап өтеді.

«Ол кезде жастар отбасылық-кландық жүйені бұзу, Ақаевты биліктен кетіру ісіне елеулі үлес қосты. Революциядан соң біз президент Құрманбек Бакиевтен конституциялық реформаны талап еттік. Сол реформа негізінде жастардың құқығын қорғап, Жогорку Кенеші сайлауы кезінде квотаға қол жеткіздік. Тарихта тұңғыш рет жастар саяси күш ретінде алаңға шығып, үлкен саясатқа араласа бастады» деп еске алады Мамасалиев.

Асқар Ақаев режиміне қарсы шыққан азаматтар. 2005 жыл.

Асқар Ақаев режиміне қарсы шыққан азаматтар. 2005 жыл.

2005 жылы наурыз айында Жалалабадта халық толқуы басталған. Сол кездегі оқиғаға қатысқан филология ғылымының кандидаты Дилбар Чокоева 24 наурыздан кейін билікке келген шенеуніктер «революция идеясының мәнін бұрмалағанын» айтады.

«Сол кезде Асқар Ақаев пен оның отбасы бір топ болып, халық пен мемлекетке білгенін істеді, бұл халықтың зығырданын қайнатты. Ол жұртты сабырға шақырып, келесі сайлауға қатыспайтынын мәлімдеді. Сол кезде ол өзінің қызын – депутат, кейінірек спикер қылам деп ойлады. Мұны тіпті үйде отырған қартқа дейін жақсы түсінді. Сондықтан азаматтар өздері жиналып, топтасты. Осы оқиғаның барлығы революция ретінде басталды. Революция деп биліктің елді басқара алмай, бұрынғы орында қалғысы келмеген қарапайым халықтың оған бағынбауын айтамыз. Осыдан кейін Асқар Ақаев елден қашып кетті, билік ауысты. Бірақ бір жылдан соң Бакиевтер билікті иемдене бастады. Осылайша халық революциясы төңкеріске айналды» дейді Чокоева.

«ЖЕҢІСТІҢ АТАСЫ КӨП»

14 жыл бұрын болған революцияға қатысқан қоғам қайраткерлерінің бірі Топчубек Тургуналиев жекелеген азаматтардың, (оның арасында елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев та бар) «наурыз революциясын» иемденгісі келетінін жеткізеді.

Топчубек Тургуналиев.

Топчубек Тургуналиев.

«Ош, Жалалабад, Бішкекте басталған революцияның басында тұрған азаматтардың бәрін білемін. Қазір де таныспын. Сол күні не болғанын әрбір деталіне дейін білеміз. Мысалы, жақында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев сол оқиғаны иемденгісі келді. «Жеңістің атасы көп» деген сөз бар. Ал жеңілсең, бәрі тым-тырақай қашады. Қазір сол болып жатыр. Бұл туралы Азаттық, сіздер, қалай болды, сол күйінде көп жаздыңыздар. Сол жылдары өте мықты қызмет атқардыңыздар. Сондықтан Атамбаев сияқтылар, мейлі олар мыңнан ассын, тарихи шындықты бұрмалай алмайды, – деді Тургуналиев.

Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры, профессор Алмазбек Акматалиев «24 наурыздағы оқиғаны революция немесе төңкеріс деп атауға бола ма» деген мәселені қозғайды.

Алмазбек Акматалиев.

Алмазбек Акматалиев.

«Тарихшылар революцияны, оның себептерін, нәтижелерін өте мұқият зерттеп, белгілі бір формасын жасап шығарған. Мынадай формула жаныма жақын: күйзелген халық наразы болып, көтерілді және бұл революция болды, бірақ ол нәтиже бермеді. Себеп тұрғысынан алған кезде мұны революция деп атауға болады, бірақ нәтижесіне қарасақ, оны революция деп атау қиын. Оны жүзеге аспай қалған революция деп атауға болады. Бірақ наурыз оқиғалары үлкен сабақ болды. Мұндай үлкен мүмкіндіктерді қолданбаған билік 2010 жылы қуылды. Егер 24 наурыздағы оқиғадан тиісті қорытынды шығарылғанда, 2010 жылы адамдар құрбан болмас еді» дейді Акматалиев.

АҚАЕВ: «ОЛАР ӨЗДЕРІ ҚАН ТӨГІП, МЕНІ АЙЫПТАЙДЫ»

Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев 2005 жылдың 24 наурыз күні болған оқиғаға байланысты түсініктеме берді. ВВС Қырғыз қызметіне берген сұхбатында ол алаңда сол күні қылмыстық топ өкілдері болғанын айтқан.

Асқар Ақаев.

Асқар Ақаев.

«Сол күні таңертең терезеден қарадым, 15 мың адамның 10 мыңы қылмыстық топтан шыққан адам екенін көрдім. Олардың басым бөлігі мас болды. Сол кезде көп көмекшілерім маған келіп «Асқар Ақайұлы, өзіңіз көріп отырсыз ғой, он мыңнан астам адам – ұйымдасқан қылмыстық топ өкілі. Оларға қарсы күш қолдану керек» деп айтты. Кейінірек егер күш қолданбаса, кешке қарай өздері қан төгіп, мені айыптаймыз дегенін де естідік. Мұндай сценарий кейінірек Киевте, өзге де елдерде қайталанды» деді Ақаев.

Ол көп қан төгілмес үшін елден кеткенін айтып, бұл өзінің жеке шешімі болғанын жеткізген. Ол сонымен бірге Ақсы оқиғасына оппозицияны кінәлап, «атысты солар ұйымдастырды» деп мәлімдеген. Ал сол оқиғалар үшін сол кезде үкіметті басқарған Құрманбек Бакиев жауапты деген.

Бұрынғы омбудсмен, 2005 жылғы наурыз революциясына қатысушы Тұрсунбек Акун Асқар Ақаевтың жауабына пікір білдірген. Ол 14 жыл бұрын 24 наурызда Бішкектегі орталық алаңға президенттің отбасылық-кландық басқаруына қарсы болған қарапайым азаматтар жиналды деп айтып, Ақаевтың сөзін жоққа шығарған.

Турсунбек Акун.

Турсунбек Акун.

«Ол өмір бойы өзінің кінәсін мойындамай келеді. Мен қылмыстық топтың бірде-бір өкілін көрмедім. Алаңға шыққан 15 мың адамның барлығы – Ақаевтың отбасылық басқаруына қарсы болған азаматтар. Ол халықпен санаспады, саясатқа әйелі мен қызын, ұлын араластырды. Жемқорлықпен күреспеді. Сондықтан халқынан қашып, отанына орала алмай жүр» деді Турсунбек Акун.

Ол сонымен бірге «24 наурыз – қырғыз халқы үшін өте маңызды күн, қазіргі билік сол оқиғалардан тиісті сабақ алуы тиіс» деп есептейді.

Қырғызстанда билікке наразы халықтың алғашқы толқуы 2005 жылдың 11 наурызында Жалалабадтан басталып, кейін бүкіл елді шарпыды. Наразы халық Бішкекке дейін жетіп, 24 наурызда мыңдаған шеруші милициямен қақтығыстан кейін үкімет үйлерін басып алды. Қырғызстанның жаңа тарихында бұл оқиға «Қызғалдақ төңкерісі» деген атқа ие болды. Отбасымен Қырғызстаннан қашып, Ресейде жасырынған Асқар Ақаев әлі сонда тұрады.

«Қызғалдақ төңкерісі» арқасында президентке айналған Құрманбек Бакиев 24 наурызды демалыс әрі Халық революциясы күні деп жариялады. Бірақ алғашқы революциядан бес жыл өткеннен кейін халық толқулары кезінде билікке келген Бакиевтің режимі де құлады. Оппозиция оны «жемқорлыққа батты, билікті иемденіп алды» деп айыптады. Ол отбасы мүшелерімен бірге шетелге қашып, Беларусьті паналады. Беларусь президенті Александр Лукашенко Бакиевтерге азаматтық «сыйлады». Минск Бішкектің шерушілерге қарсы оқ атуға бұйрық берді деп айыпталатын Бакиевті беру туралы өтінішін орындаудан бірнеше мәрте бас тартты.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы негізінде жазылды

Azattyq