Қырғызстанда жетінші сыныптың оқушысы мұғалімін ұрып жіберген

0

Талас облысының ішкі істер басқармасына Кара-буурин ауданында сабақ беретін ұстаздан арыз түскен. Онда ағылшын пәнінің мұғалімі өзін жетінші сыныптың оқушысы ұрғанын жазған. Бұл туралы Kaktus.media сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

Көрнекі фото: wisegeek.com

Көрнекі фото: wisegeek.com

Ішкі істер басқармасының хабарлауынша, 11 желтоқсан күні оқушы қыздың анасы да милицияға мектеп ұстазының оқушылармен қарым-қатынасына шара қабылдау туралы арыз түсірген.

«Анасының сөзінше, үй жұмысын орындамай келген оқушы қыз ағылшын тілі пәнінің мұғалімімен ұрысып қалған. Ұрысудың арты мұғалімнің оқушы қызды ұруымен аяқталған.

Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Милиция қызметкерлері жәбірленуші қыздың сыныптастарынан мән-жәйді сұрастыруда», — деп хабарлайды милиция.

Бұл оқиға шиеленіске түсіп отыр.

Себебі, ағылшын пәні мұғалімі де өз оқушысының үстінен арыз жазған.

Педагогтың айтуы бойынша, оқушы қыз оның бетінен бірінші ұрып жіберген.

Тексеру жұмыстары жүріп, мәліметтер жинастырылуда. Бұл жағдайға байланысты қылмыстық істің қозғалу-қозғалмауы кейінірек белгілі болады.