Қырғызстанда заңсыз жүрген шетелдіктерді елден шығаруды талап етті

0

Бішкекте «Кыргыз чоролору» қозғалысының белсенділері Қытай елшілігінің алдында пикет өткізіп, биліктен Қырғызстанда заңсыз жүрген шетелдіктерді 30 күн ішінде елден шығаруды талап етті.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, 20 желтоқсанда өткен акцияға 200-ге тарта адам жиналды. Акцияны ұйымдастырушылар мемлекеттік органдар заңсыз жүрген шетелдіктер санын анықтап, оларды елден шығару үшін қоғам өкілдерімен бірлескен комиссия құруы керегін мәлімдеді. Ұйым мүшелері егер бұл талабы орындалмаса, онда заңсыз жүрген шетелдіктерді елден шығарумен өздері айналысатынын мәлімдеді.

Бірер күн бұрын пикетті ұйымдастырушылар Қытай билігінен этникалық азшылық өкілдерін қудалауын тоқтатуды және әр азаматты не себепті ұстағанын түсіндіруін талап еткен.

Соңғы айларда Қытай билігі Шыңжаң өлкесінде этникалық азшылық өкілдерінің жаппай қудаланып, құқық қорғаушылар «саяси үйрену лагерлері» деп атайтын орталықтарға қамалуына байланысты халықаралық қауымдастықтың жіті назарына іліккен. Пекин ол лагерьлерді «кәсіби оқыту орталықтары» деп атайды. Әрқилы дерек бойынша, мұндай орталықтарда отырған адам саны миллионға жетеді.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков осы аптада өткізген баспасөз мәслихатында Қытайдағы этникалық қырғыздардың жағдайына қатысты сұраққа Бішкек бұл жағдайды шешуде сақтық таныту керегін айтқан.

Дереккөз: Азаттық