Қырғызстанда шекараға жақын аумаққа шамамен 200 адам жиналды
8 ақпанда кешке Қырғызстанда Қазақстанмен шекараға жақын аумаққа шамамен 200 адам жиналды. Олардың басым бөлігі этникалық дүнгендер болды. Олар Жамбыл облысы Қордай ауданында 7 ақпан күнгі оқиғадан кейін Қырғызстанға өтпек болған туыстарын күтіп тұрғандықтарын айтты. 7 ақпанда Қордай ауданындағы бірнеше елді мекенде болған жанжалдан ресми дерек бойынша сегіз адам қаза тапқан, ондаған адам жарақаттанған.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, туыстарын күткен азаматтар шекараны кесіп өткен азаматтарға қажетті көмек көрсетіп, ыстық тамақ та әзірлеген.
Бұған дейін Қырғызстанның шекара қызметі Қордайдағы оқиғадан кейін Қазақстан шекарасын кесіп өтетіндер саны күрт ұлғайғанын хабарлаған.
Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданындағы бірнеше елді мекенде тұрғындар арасында жанжал болды. Полиция «Адам өлтіру» және «Тәртіпсіздік ұйымдастыру» бабы бойынша қылмыстық істер қозғады.
8 ақпанда таңертең жанжал болды деген Масаншы ауылына барған Азаттық тілшілері ауылдағы үйлердің өртенгенін, көліктер қирап, ғимараттар бүлінгенін көрді.
Сенбі күні күндіз Масаншы мен көрші Қаракемер ауылы арасына 200 шақты тұрғын жиналып, жанжалға байланысты ұсталған 90-нан астам адамды босатуды талап етті. Билік тұрғындармен келіссөз жүргізді. Кешке полиция ұсталғандарды босатқаннан кейін тұрғындар үйлеріне тарасты.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда 7 ақпанда мұнда кемінде бес ауылда өрт болған. Жанжалға көрші ауылдардың бірінде тұратын қарияның соққыға жығылуы түрткі болған. Ізінше жұма күні бұл жаққа бірнеше жүз адам келіп, үйлер мен дүкендерді өртеп, көліктерді қиратып, тұрғындарға шабуылдаған.
Басым бөлігі этникалық дүнген тұратын елді мекен тұрғындары «жекелеген адамдардың әрекеті үшін не үшін кінәсіз адамдар зардап шегуі тиіс» деді. Ал жанжалға араласқан екінші топты жақтаушылар мұндай «заңсыздықтар (қарияны соққыға жығу т.с.с — ред.) жиі болатынын, полицияның оқиғаларды әділ тергемейтінін» айтты.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 8 ақпанда Қордай ауданындағы тәртіпсіздікке тұрмыстық сипаттағы жанжал себеп болды деді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданындағы оқиғаны мұқият зерттеп, кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды. Билік «халықты арандататын сыбыс пен жалған ақпарат таратпауға» шақырды.