Қырғызстанда белгілі қылмыстық топ мүшелері ұсталды
Қырғызстанда белгілі қылмыс әлемінің серкесі Камчыбек Асанбектің бастамасымен құрылған ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшелері ұсталды, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі 24.kg агенттігіне сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топтың төрт мүшесі жеке көлік-логистикалық компанияның жалпы сомасы шамамен 385 мың долларды (170 миллион теңгеден астам) құрайтын жүкті басып алған. Оларды Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің қызметкерлері ұстады.
«Ұсталғандар ұзақ жылдар бойы кәсіпкерлердің Қытайдан экспортталатын тұтыну тауарларының жүктерін тонап, Қырғызстан мен ТМД елдерінде тұрақты қылмыстық схема ұйымдастырған.
Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 209-бабы «Аса ірі көлемдегі алаяқтық» бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшелері ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — делінген Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің баспасөз орталығы таратқан хабарламада.
Тергеу шаралары жүргізіліп, жоғарыда аталған тұлғалардың осыған ұқсас басқа да фактілерге қатыстылығы анықталуып жатыр. Тергеу жалғасады.