Қырғызстанда асылып қалған күйі табылған қазақстандық сарбаздың анасы сұхбат берді

0
1072

Айта кетейік, курсант Жамбыл облысы Меркі ауданы Андас батыр шекара заставасында борышын өтеген. 2 наурызда ол жоғалып кетіп, 10 сәуірде ғана Қырғызстан аумағынан өлі табылған.

Ұлықбек Бердішов — Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы. Қарулы күштер сапына былтырғы қыркүйекте шақырылған. Ұлықбек — үйінің тұңғышы. Отбасында артынан ерген тағы төрт бала бар. Үйдің отағасы — мүгедек, көзі нашар көреді, жүрегі ауырады.

«Ол сабырлы бала болатын. Өзіне қол жұмсауы мүмкін емес. Оның өліміне кінәлілер барына сенімдімін. Балам шекара сызығын өтуге болмайтынын білген, командирлері қатаң түрде ескерткен. Ол қалай шекарадан өтіп, қырғыз аумағынан бірақ шықты? Жоғалғаннан кейін 39 күн өткенде ғана табылды, осы уақытта оның денесі шіріп кетер еді. Бірдеңе болғаны анық. Таяуда демобилизациядан менің баламмен бірге қызмет еткен жергілікті балалардың бірі оралған. Ол Ұлықбекпен әңгіме барысында әскерде қызмет ету ешкімнің басына бермесін дегенді айтқанын есіне алып отыр», — дейді марқұмның шешесі.

Әйел баласымен телефон арқылы сөйлескенінде оның әлдене жасырғандай болғанын сезгенін айтады. Оның сөзінше, Ұлықбек айтары барын хабарлаған. Соған қарағанда, ол старшинасының қасында тұрып сөйлескен сияқты, себебі бөтен адамның телефонынан хабарласқан.

Әйел 2 наурызда түнгі уақытта баласы жоғалғанын ести сала Жамбыл облысындағы шекара заставасы орналасқан ауылға жеткенін айтады.

Оның айтуынша, баласының қызметтестерінің іс-әрекеті әдеттегідей болмаған, қарым-қатынастан қашқақтаған-мыс, әлдене жасырғандай жүрген көрінеді.

Қаза тапқан сарбаздың анасы баласын белгісіз біреулер кездейсоқ өлтіріп алған болуы мүмкін екенін, кейін 39 күн өткен соң табылған жеріне апарып тастаған болуы мүмкін екенін айтады.

«Сотқа беріп, баламның өліміне кінәлілерді заң бойынша жазалауды талап етемін. Баламды өлі қайтару үшін жібергенім жоқ», — дейді ашынған ана.

«Біз ол тірі деп күдер үзбей келдік. Амал не, жазуы осы болды. Түсініксіз, күмәнді жағдай көп. Андас батыр ауылындағы әкімдік ғимаратында әскерилер Ұлықбектің киімдерін берді. Киімі таза. Біз іздеген қырық күнге жуық уақытта киімі ашық аспан астында жатса, бұлай болмас еді ғой. Тапқан кезде денесі жартастан асылып тұрған, осы күндер бойында дәл осылай ілініп тұрды деуге келмейді», — дейді марқұмның ағасы Бауыржан Мереков.

Бұған дейін ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаменті басшысының орынбасары полковник Қайрат Тұяқов қатардағы жауынгер Бердішов шаруа жұмысында «атқораны тазалаумен айналысып жүргенінде жоғалғанын» хабарлаған.

10 сәуірде Қырғызстан территориясында жергілікті шопан әскеридің киімін тауып алып, кеденшілерге өткізген. Осы жерден жүз шақырымдай жерде сарбаз өлі табылды. 19 жастағы жігіт жартаста өз белдігіне асулы күйінде табылған. Қалған заттары өзінде болған.

Ресми нұсқа бойынша, курсанттың өліміне механикалық асфиксия себеп болған. Денесіне жарақат ізі болмағаны да хабарланған.

(фото: Elitar.kz)