Қырғызстан соты құқық қорғаушы Азимжан Асқаровтың ісін қайта қарайды
Қырғызстан жоғарғы соты өмір бойына бостандығынан айрылған құқық қорғаушы Азимжан Асқаровтың ісін жаңа жайттардың анықталуына байланысты қайта қарайтын болды. Алғашқы сот отырысы 25 ақпанда өтпек. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне «Бир дуйно Кыргызстан» құқық қорғау қозғалысының жетекшісі Толекан Исмаилова хабарлады.
Қырғызстан жоғарғы сотының баспасөз қызметі де істің қайта қаралатынын растады. Базар-Коргон аудандық соты іс материалдарын өзінен жоғары инстанцияға жіберген.
21 қаңтарда Қырғызстан БҰҰ Адам құқығы жөніндегі кеңесінің жұмыс тобы алдында есеп беріп, БҰҰ-ның өзге мүшелерінен бірқатар ұсыныс алған. Соның ішінде Ирландия өкілі Қырғызстанды құқық қорғаушы Азимжан Асқаровты босатуға шақырған.
Жалалабад облысы Базар-Коргон ауданының тұрғыны, құқық қорғаушы, 68 жастағы этникалық өзбек Азимжан Асқаров Қырғызстанның оңтүстігінде 2010 жылы маусымда этникалық сипаттағы жанжалға қатысты деп айыпталған. Қақтығыстардан 450-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған. Билік Асқаровты «қақтығыс кезінде мерт болған милиционердңі қазасына қатысы бар» деп айыптап, өмір бойына түрмеге қамауға үкім еткен.
2016 жылдың сәуірінде БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті Қырғызстан билігін Асқаровтың ісін қайта қарауға шақырған. Комитет Асқаровтың «қамауда азаптауға ұшырағанын» айтып, тергеу және сот процесі барысында заң талабы бұзылған деп тапқан.
Асқаров өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, істің саяси астары бар деп мәлімдеген.