Қырғызстан СІМ Қытайда қысым көріп жатқан этникалық қырғыздарға қатысты мәлімдеме жасады

0

Қырғызстан СІМ Қытайда қысым көріп жатқан этникалық қырғыздар жөнінде мәлімдеме жасады.

«Қырғызстан сыртқы істер министрлігі ресми арналар арқылы Қытайдағы этникалық қырғыздарға қатысты ақпаратты тексеріп жатыр» деп мәлімдеді Қырғыз СІМ баспасөз хатшысы Ұлан Диханбаев.

Естеріңізге салайық, өткен аптада Қытайда туыстары жоғалып кеткен бірнеше Қырғызстан азаматы президент Сооронбай Жээнбековтен көмек сұраған. Кейіннен Қытайдағы этникалық қырғыздарды қорғау комитеті құрылып, жағдайдың мән-жайын халық пен билікке түсіндіру мақсатында жиын өткен.

Желтоқсан айының 5-і күні белсенділер Бішкек қаласындағы Біріккен ұлттар ұйымы ғимаратының алдында халықаралық қауымдастық өкілдері мен БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутеррештен Қытайда қысым көріп жатқан қырғыз-қазақ ұлттарына араша сұраған.

Қытайдағы аз ұлттардың жергілікті билік тарапынан қысым көріп жатқандығы жөнінде осыған дейін халықаралық БАҚ беттерінде сан мәрте айтылған. Ресми Бейжің өзіне тағылған айптардың барлығын жоққа шығарып, саяси үйрену орталықтарындағы адамдардың барлығы өз еркімен барғандығын алға таруда. Болжам бойынша, қазіргі таңда Қытайдағы саяси үйрену лагерьлерінде бір миллионға жуық адам бар.

«The Qazaq Times»