Қырғызстан қауіпсіздік қызметі азаматтар келісімінсіз хаттарды оқуға рұқсат сұрады
Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік қызметі барлау және қарсы барлау мүмкіндігін арттыру үшін заңнамаға өзгеріс енгізуді ұсынды. Бұл туралы Азаттықтың қырғыз қызметі хабарлады.
Түзетулер азаматтардың құпия хат жазысу, тұрғын үйіне қол сұғылмау, биометриялық паспорттарға қол жеткізу құқықтарын қамтиды. Ұсыныс қабылданса, Қырғызстанның арнайы қызметтерімен серіктес азаптаудың алдын алу және шетелдіктерге азаматтық беру жөніндегі ұлттық орталық өкілеті өзгереді.
Ұлттық қауіпсіздік қызметі тергеу судьясына заңмен қорғалатын құқықтарды – жазысқан хаттар, телефон арқылы сөйлескен сөздер, пошта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарлардың құпиялығын сақтау, тұрғын үйге қол сұғылмау сияқты құқықтарды қамтитын шараларды жүргізуге рұқсат беруді сұрайды.
Сондай-ақ қауіпсіздік қызметі биометрикалық деректі азаматтың рұқсатынсыз алуға рұқсат беруді сұраған. Ведомство мұндай өтініш айтуын өздерінің сыртқы барлау және қарсы барлау қызметінің «ерекшелігімен» түсіндірген.
Азаптаудың алдын алу жөніндегі ұлттық орталыққа азаптау істерінен есепке алмағанда қарсы барлау шараларын жүргізу қызметіне араласуға тыйым салынуы мүмкін.
Қырғызстанның арнайы қызметтерімен біріге жұмыс істейтін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ олардың отбасыларына жеңілдетілген тәртіппен Қырғызстан азаматтығын беру ұсынылды. Мұндай ұсыныстың айтылуына, ведомство сөзінше, әлгі азаматтар тұратын елде олардың Қырғызстан қауіпсіздік қызметімен серіктес екені жария болса, олар қамауға алынуы не өлім жазасына кесілу қаупі себеп.
Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік қызметі бұл өзгерістер заң қайшылығын тудырмайды деп санайды.
Ұсынылған өзгерістер көпшілік талқыға шығарылған.