Қырғызстан президенті Қордайдағы жол апатына байланысты көңіл айтты

0

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қордайдағы ірі жол апатына байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиевқа көңіл айтты деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

«Алматы-Ташкент жолындағы жол апатында қаза тапқандар жайлы қайғылы хабарды естіп, қабырғамыз қайысты. Қырғыз республикасы халқы атынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендерге тезірек жазылып кетуін тілеймін» делінген Жээнбековтың көңіл айту хабарламасында.

20 сәуір таңғы сағат бес шамасында Жамбыл облысы, Қордай ауданы Алматы — Ташкент бағытындағы трассаның 181-шақырымында Toyota көлігі жол жиегінде тоқтап тұрған жүк көлігіне соғылған. Көлік артында келе жатқан автобус аударылған. Көлік апатынан 11 адам қаза тапқан, 29 адам зардап шеккен.

Қаза тапқандардың сегізі — Қазақстан, үшеуі — Өзбекстан азаматы. Ауруханаға түскен адамдар арасында Тәжікстан азаматтары да болған.

Оқиғаға байланысты «жол ережесін бұзу», «көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері мен облыстық полиция департаменті өкілдерінен құралған шұғыл-тергеу тобы құрылған.

Azattyq