Қырғызстан парламенті Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айырды
Қырғызстан Жогорку Кеңеші (парламенті) экс-президент Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айырды. 27 маусымдағы жиын кезінде 109 депутаттың 103-і – қолдап, алтауы қарсы дауыс берді.
Осылайша, тергеу органдары Атамбаевты ұстап, оны тергеу құқық алды. Кеше, 26 маусымда Бас прокуратура Атамбаевқа тағылған жемқорлық, заңсыз баю және лауазымын асыра пайдалану сияқты айыптарға негіз тапқан.
Атамбаевтың өзі айыптарды «ақылға қонымсыз» деп санайды. Оның сөзінше, билік «саяси қарсыласынан арылу үшін өзіне кінә тағып отыр».
Атамбаевқа депутаттар тағып, Бас прокуратура негізді деп тапқан айыптар мыналар:
- Атамбаев үй салған Кой-Таш ауылында жерді заңсыз басып алу;
- Қылмыстық топ мүшесі Азиз Батукаевты заңсыз босату;
- Заңсыз баю;
- Бішкек ТЭЦ-ін жаңарту жобасы кезіндегі жемқорлық әрекет;
- Бішкек ТЭЦ-іне заңсыз көмір тасымалдау ісіне қатысы болуы мүмкін.
Қырғызстанда бұрынғы президент мәртебесіне Роза Отунбаева мен Алмазбек Атамбаев ие. Ал халық толқулары нәтижесінде биліктен кетуге мәжбүр болған елдің бірінші президенті Асқар Ақаев пен екінші президенті Құрманбек Бакиевке ондай мәртебе берілмеген.