Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қақтығыс кезінде 7 қырғызстандық зардап шекті

0
285

Қырғызстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығыс кезінде жеті адам зардап шеккен. Бұл туралы ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баткен облысындағы ауруханаға тағы үш зардап шегуші жеткізілді. Екеуі түрлі жарақат алған, тағы біреуіне оқ тиген. Зардап шегушілердің жағдайы орташа ауыр. Барлығы 7 адам зардап шекті. Бұған дейін Қырғызстанның МҰҚК Шекара қызметінен хабарланғандай, Тәжікстанның шекарашылары 27 қаңтарда сағат 17:30-дан 18:00-ге дейін Қырғызстанның Баткен ауданы Төрт-Көчө елді мекеніндегі Баткен-Исфана жол учаскесін жауып тастаған.

Оқиға орнына Қырғызстан МҰҚК ШҚ Баткен облыстық басқармасының бастығы, полковник Кыялбек Толонбаев пен Баткен шекара жасағының бастығы полковник Рустам Миршакиров барған. Келіссөздер нәтижесінде жол учаскесі 19:30-да қайта ашылды. «Алайда, 19:35-те тәжік тарапы Баткен ауданы Чыр-Добо елді мекенінде Қырғызстан МҰҚК ШҚ шекара жасағына қарсы қару қолданып, оқ атуына байланысты жағдай қиындаған. Қырғызстан мен Тәжікстан шекара жасағы арасындағы негізгі қақтығыс Торт-Кочо мен Чыр-Добо елді мекендерінде жүріп жатыр.

Тәжікстан тарапы минометтер мен гранатомёт қолдануда», — деді Қырғызстан Шекара қызметінен. 2022 жылдың 28 қаңтарындағы сағат 08:00-дегі жағдай бойынша, Қырғызстан-Тәжікстан шекарасындағы Самаркандык, Төрт-Көчө, Көк-Таш, Дахма, Көчө-Бою мен Головной елді мекендерінде жағдай тұрақты деп хабарланды.