Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында әскерилер арасында атыс болды
Кеше, 27 қаңтар күні, Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында жанжал шығып, соңы атысқа ұласқан. Қақтығысқа қатысушылар арасында жараланғандар бар екені белгілі болды. Sputnik Қырғызстан басылымының Қырғызстан шекара қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, жергілікті уақыт бойынша сағат 17:30-дан 18:00-ге дейін тәжік шекарашылары Баткен-Исфана жолының учаскесін біржақты тәртіппен жауып тастаған.
Көп ұзамай оқиға орнына Баткен облысы бойынша шекара бекетінің бастығы Қиялбек Төленбаев пен Баткен шекара отрядының бастығы Рустам Миршәкіров аттанады. Сағат 19:30-да трасса ашылып, 19:35-те жағдай қайтадан ушыға түскен. Қырғыз тарапының нұсқасы бойынша, тәжік шекарашылары оқ жаудырып, қақтығыстар басталған. Тәжіктердің минометтер мен гранатометтерді қолданғаны айтылды. Қырғызстан жағынан шекаралас ауыл тұрғындары бірден эвакуацияланған. Олар шекарадан алыс жерге жақын орналасқан елдімекендерге жеткізілді.
Тәжікстандық әскерилердің ішінде алты адам жараланғаны хабарланды. Әзірге жарақат алған қырғыз шекарашылары туралы ақпарат жоқ. Қырғыз тарапы қақтығыстың шекаралық аймақтағы құрылыс пен Тәжікстан тарапынан жолдың жабылуына байланысты туындағанын атап өтті. Ал Sputnik Тәжікстан агенттігінің ақпаратына сүйенсек, тәжік тарапының нұсқасы бойынша, тәртіпсіздіктерге Қырғызстан шекарасынан Тәжікстан азаматтарының көліктеріне тас лақтырылуы себеп болған.