Қырғыз журналисі Франциядан саяси баспана алды
Қырғызстандық журналист Улугбек Бабакулов Франциядан босқын статусын алды. Ол 25 ақпанда Францияның босқындар мен азаматтығы жоқ адамдар ісі бойынша басқармасынан (OFPRA) тиісті хабар алған, деп хабарлайды «Фергана.ру» сайты.
Улугбек Бабакулов екі жыл бұрын Қырғызстаннан «ұлтаралық араздықты тудырды» деп айыпталған соң кетіп қалған.
«Өз елімнің билігі жалған себеппен маған қарсы қылмыстық іс қозғап, бақылауындағы БАҚ арқылы маған қарсы жаппай қудалау ұйымдастырды. Енді Франция билігі мені және менің отбасымды қорғауына алып, осында өмір сүруге мүмкіндік берді»,- дейді ол.
Қырғызыстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Бабакуловқа қарсы қылмыстық істі 2017 жылдың 9 маусымда қозғаған. Журналист Fergananews.com сайты мен өзге де ресурстарда «арандату сипатындағы бірқатар мақала жазғаны» үшін айыпталған. Тергеу материалдары бойынша Бабакуловтың мақалаларында «ұлтаралық араздықты қоздыру мен ұлттың ар -намысына қатысты» мәселелер айтылған.
Қырғызстан арнайы қызметінің хабарлауынша, Бабакулов «арандату сипатындағы» мақалаларды саяси баспана алу мақсатында жазған.
Журналист бұл айыптауларды мойындамайды және мұның барлығы сол кездегі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың тарапынан жасалған қысым деп біледі.