Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыстан екі адам мерт болды

0

Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасының маңында қырғыздар мен тәжіктер арасында болған қақтығыстан екі адам қаза тауып, бірнеше адам жарақаттанған. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз және Тәжік қызметі хабарлады.

Тәжікстан ішкі істер министрлігі Азаттықтың Тәжік қызметіне 14 наурызда Ворух анклавының 37 жастағы тұрғыны оқ тиіп, мерт болғанын, тағы екі тәжік азаматы ауруханаға түскенін мәлімдеген.

13 наурызда тәжік шекарашылары Ворух анклавының 43 жастағы тұрғыны қаза тапқанын, 11 адам жарақаттанғанын хабарлаған. Ал Қырғызстан тарапы 13 наурызда Ақ-сай ауылының бір тұрғыны ауруханаға түскенін айтқан.

Қырғызстан шекара қызметінің хабарлауынша, 13 наурызда түстен кейін Қырғызстанның Баткен облысы Ақ-сай ауылының тұрғындары мен Вотух тәжік анклавына қарасты Мехнатабад ауылының тұрғындары шекара маңында қақтығысып қалған. Ворух тәжік анклавы тұрғындары Ақ-Сай — Тамдык жолының салынуына қарсылық танытқан.

14 наурызда Қырғызстан президенті Сооронбой Жээнбеков пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон телефон арқылы сөйлесіп, қақтығыстың шығу себебін анықтау үшін арнайы комиссия құруға келіскен.

Өткен аптада Ворух анклавының маңынан өтетін Ақ-Сай — Тамдык жолының құрылысы қайта жалғасқан.

Азаттық