Қырғыз-тәжік шекарасында оқ атылды, құқық қорғау органдары күшейтілген режимге көшті

0

Қаңтардың 10-ына қараған түні қырғыз-тәжік шекарасында белгісіз біреулер Қырғызстанның екі азаматына тиесілі көліктерді таспен атқылап, соның салдарынан көлікте отырғандардың кейбірі жараланған. Бұл оқиғалардың бірі — Баткен облысы Жака-Орук елді мекенінде түнгі сағат 00:40 шамасында, екіншісі — түнгі бірлер шамасында Кочо-Карын елді мекенінде болған.

Қырғызстанның ішкі істер министрлігі сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады. Министрліктің хабарлауынша, бұдан соң түнгі 2:40 шамасында «Кок-Таш ауылында тәжік жақтан араға үзіліс салып, бірнеше рет оқ атылған». Әзірге ешкім медициналық көмекке жүгінбеген. Қауіпсіздік мақсатында Кок-Таш ауылының кейбір тұрғындары басқа жаққа көшірілген.

10 қаңтарда таңертең Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі «тәжік тарабының атысты тоқтатқанын» хабарлады.

Ал Тәжікстан жағы әзірге оқиғаға байланысты түсініктеме бермеді.

Қырғызстанның ішкі істер министрлігі Баткен облысында құқық қорғау органдарының күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Совет Одағы 1991 жылы құлағалы бері Орталық Азиядағы кейбір мемлекеттер шекара мәселесін шеше алмай келеді. Әсіресе, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстанға ортақ Ферғана аңғары бойындағы аумақтың даулы тұстары көп. Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы – 970 шақырым. Қазірге дейін 504 километріне байланысты делимитация және демаркация жұмыстары жүргізілген. Ал шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.

2019 жылы қырғыз-тәжік шекарасында кемінде он жанжал болған. Төрт жағдайда адам өлген. Қыркүйек айында болған қақтығыстан бірнеше адам қаза тапты.

Azattyq