Қырғыз-тәжік шекарасына байланысты келіссөз хаттамаға қол қоюмен аяқталды
Тәжікстанның Исфарин ауданы Гүлістан ауылында қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайға байланысты келіссөз өтті. Екі ел үкімет делегацияларының кездесуі 14 қаңтарда таңертең басталып, жарым түнде бір-ақ аяқталды.
Ұзаққа созылған келіссөз кезінде тараптар алты мәселе бойынша келісімге келіп, ортақ хаттамаға қол қойылды. Қырғыз делегациясын бастап барған вице-премьер Жеңиш Разаковтың айтуынша, онда шекара аумағындағы даулы жерлерді анықтап, құқықтық мәртебесіне баға беру, қажет болған жағдайда жер алмасуға дайын болу, шекаралық аумақта бақылауды күшейту, шекараға жақын жердегі елді мекендерде бақылау камераларын орнату сияқты пунктер бар.
Хаттамаға сәйкес, екі жақ та осы алты пунктінің орындалуына жауапты болмақ. Тәжікстанның вице-премьері Азим Иброхим келіссөздің нәтижелі өткенін айтып, «жер алмасу арқылы шекара мәселесі шешіледі» деп айтқан.
Бұған дейін екі мемлекет делегациялары шекара мәселесіне байланысты кемінде 20 рет кездескен. Техникалық топ 34 ірі масштабты топографиялық карта әзірлеген.
Қырғыз-тәжік шекарасының ұзындығы 970 шақырымнан астам. Оның 60 пайызына ғана делимитация және демаркация жұмыстары жүргізілген. Екі мемлекет арасында 70 шақты анықталмаған даулы аумақ бар, онда бірнеше елді мекен орналасқан.
Оқи отырыңыз: Қырғыз-тәжік шекарасында оқ атылды, құқық қорғау органдары күшейтілген режимге көшті
Ал шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.
2019 жылы қырғыз-тәжік шекарасында кемінде он жанжал болған. Төрт жағдайда адам өлген. Қыркүйек айында болған қақтығыстан бірнеше адам қаза тапты.