Қырғыз шекарашылары ҚДТ мүшесінің әйелін «қателесіп ұстаған»

0

Қырғызстан мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қазақстандық белсенді Жандос Әлімқұловтың әйелі мен екі ұлының ұсталуына қатысты түсініктеме берді. 6 желтоқсанда комитет өкілдері Динара Байтасова мен кәмелет жасқа толмаған екі ұлын «Манас» әуежайында Бішкектен Мәскеуге ұшпақ болғанда ұстаған. Комитет дерегінше, олардың төлқұжатында Қырғызстанға кіргені туралы мөр болмаған.

Кейін Қырғызстан мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тексеріп жүргізіп, шекара қызметінің өкілдері тарапынан мөр басар кезде қателік кеткенін анықтаған. Динара Байтасова мен екі баласы сол күні босатылған. Шекара қызметінің өкілдеріне қатысты іс Әскери прокуратураға тапсырылған.

Жандос Әлімқұлов Азаттыққа әйелі мен балалары ұсталған сәтте халықаралық құқық қорғау ұйымдарына шағымданғанын айтады.

«Әйелім мен қыздарыма билет алып беріп, ұшырып жіберсе болды. Себебі Қырғызстан шекара қызметінің кесірінен ұша алмай қалды» дейді ол.

7 желтоқсанда Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов ҚДТ мүшесі Жандос Әлімқұловтың әйелі мен балаларының ұсталғанын хабарлаған.

Дереккөз: Азаттық