Қырғыз президенті аппараты Текебаевқа рақымшылық жайлы өтінішті қарап жатыр

0

Қырғызстан президентінің аппараты сот тағайындаған жазасын өтеп жатқан парламенттің экс-депутаты, оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаевқа рақымшылық жасау туралы өтінішті қарап жатыр. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне президенттің баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева хабарлады.

Президент Сооронбай Жээнбековке қамаудағы Омурбек Текебаевқа рақымшылық жасау туралы өтінішті 25 желтоқсанда Қырғызстан экс-президенті Роза Отунбаева жолдаған. Ол парламенттегі фракциялар жетекшілерін осы бастамасын қолдауға шақырған. Сол күні парламенттегі барлық алты фракцияның жетекшілері Жээнбековке үндеуге қол қойған.

Экс-омбудсмен Турсунбек Акун Роза Отунбаева мен депутаттар президентті заңды бұзуға итермелеп отыр деп санайды. Оның сөзінше, «Амнистия мен рақымшылық жасаудың жалпы принциптері туралы» заңда ол туралы өтінішті сотталған адамның өзі беруі тиіс деп көрсетілген.

Бұған дейін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков «егер Омурбек Текебаев тиісті өтініш берсе оған рақымшылық беруге әзірмін» деп мәлімдеген. Бұған жауабында Омурбек Текебаев өзін кінәлімін деп санамайтындықтан рақымшылық жасауды сұрап өтініш бермейтінін айтқан.

«Ата-Мекен» партиясының лидері, Қырғызстан парламентінің экс-спикері, бірнеше мәрте парламент депутаты болып сайланған Омурбек Текебаев «2010 жылы «Мегаком» компаниясы акцияларын сатып алуға болысу үшін Ресей азаматы Леонид Маевскийден 1 миллион доллар алған» деген күдікпен 2017 жылы ақпанда ұсталған. Сол жылы қарашада сот үкімі бойынша Текебаев сегіз жылға бас бостандығынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленген. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, үкімнің саяси астары бар деп мәлімдеген. Жақтастары билік Текебаевты президент сайлауына қатыстырмас үшін қудалады деп санайды.

Дереккөз: Азаттық