Қырғыз парламенті Кой-Таштағы жағдайға байланысты шұғыл жиналды

0

Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаттары 8 тамызда Кой-Таштағы экс-президент Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясына байланысты кезектен тыс сессияға жиналды.

Парламент жиынына келген Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) төрағасы Орозбек Опумбаев МҰҚК операцияны Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен Атамбаевты тергеуге әкелу үшін жүргізгенін айтты.

7 тамызда Бішкек уақытымен кешкі сағат сегіз шамасында арнайы жасақ экс-президент Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясын бастаған. 8 тамыз түнгі үш шамасында арнайы жасақ Кой-Таштан шықты, Алмазбек Атамбаевты ұстаған жоқ. Операция кезінде арнайы жасақтың бір мүшесі қаза болып, 52 адам жараланған.Олардың жартысы — арнайы жасақ өкілі. Қазір 31 адам ауруханада жатыр. Шу ауданы ішкі істер басқармасының бастығы Самат Құрманқұлова ес-түссіз жатыр. Оған екі рет операция жасалған.

Оқи отырыңыз: Кой-Ташта не болды?

Атамбаевтың жақтастары оның үйінде арнайы жасақтың алты мүшесін кепілдікте ұстап отыр. Олар биліктен Кой-Ташқа жарық беруді талап етеді.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтады.

Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған. Оның орнына билікке 2017 жылдың соңында сайлау жолымен Сооронбай Жээнбеков келген.

Azattyq