Қырғыз музыканты Қазақстандағы «төңкеріске» қатысты ма?
Алматыда белгілі музыкант Викрам Рузахуновтың ұсталуына қарсы Қазақстанның Бішкектегі елшілігінде митинг өтті, деп хабарлайды kznews.kz сайты ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап.
Жиынға Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев келді, деп жазды 24.kg. Ол жиналғандарға Викрам Рузахуновтың террорист емес екенін және оған қатысы болмағанын айтты.
«Ол лайықты адам, музыкант. Викрам Рузахунов тәртіпсіздіктерге, көше шерулеріне қатысқан жоқ. Қазақстанның мемлекеттік телеарналарының ақпараты дұрыс емес. Көршілер тергеудің риторикасын өзгертуі керек. Біздің азаматтарды терроризм деп айыптау дұрыс емес», — деді Қамшыбек Ташиев.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.
«Бізде Қазақстандағы оқиғалар туралы толық ақпарат бар. Викрам Рузахунов туралы алғашқы ақпараттар шыға салысымен біздің министрліктерге тиісті тапсырмалар бердім .Екі елдің министрліктері арасында қажетті жұмыстар жүріп жатыр. Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтарымыз көп. Олардың арасында акцияға қатысқандар да болуы мүмкін. Бірақ біз бұл акцияға қатыспаған және әділетсіз жауапқа тартылған барлық азаматтарымыз үшін табанды күресіп, қорғайтын боламыз. Біз екі елдің арнайы қызметтерінің жұмысының нәтижесін күтеміз».
Еске салсақ, Қырғыстан халқы Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыруға қатысу үшін көрші ел тұрғындарына 90 000 теңге ұсынылғаны туралы видео мәлімдеме жасаған күдікті – музыкант Викрам Рузахунов деп жатыр.